Биыл Петропавлдың жолдарын жөндеуге 5 млрд теңге бөлініп отыр. Бұл жолы жергілікті билік өкілдері қаланың орталығын қоя тұрып, шеткі аудандарға басымдық бермек. Өйткені облыс орталығында әлі күнге дейін асфальтталмаған көше өте көп, деп жазады Qazaqstan Media тілшісі 24.kz арнасына сілтеме жасап.
Былтыр қала бойынша 47 көше асфальтталған. Бірақ оның жетеуі сапасыз болып шығып, жұмыс қабылданбай қалды. Ақшасы да аударылған жоқ. Енді бұл аумақтар мердігерлер есебінен қайта салынбақ. Жалпы Петропавлда 212 көшеде асфальт жоқ. Осыған байланысты жергілікті билік өкілдері арнайы бағдарлама қабылдады. Ол бойынша қаладағы барлық жол алдағы бес жылда ретке келтіріледі.
«Биыл біз қаланың шеткі аудандарына үлкен назар аударатын боламыз. Сол жерлердегі ешқашан асфальт болмаған жолдарға асфальт саламыз. Бұл — 39 көше. Жалпы 5 млрд. теңге биылғы жылға қарастырылып отыр», — деп нақтылады Петропал қаласы әкімінің баспасөз хатшысы Әсем Айтулова.
Мамандардың айтуынша, қала бойынша 180 шақырым жол бірде-бір рет асфальтталмаған.
Тағы оқыңыз: Қазақстанда онлайн құрбандық шалуға болады