Өңірге жұмыс сапарымен келген ҚР Премьер — министрі Олжас Бектенов Ойқала ықшам ауданындағы су тасқынынан зардап шеккен тұрғындармен кездесіп, баспаналарды қайта қалпына келтіру жұмыстарымен танысты. Айта кетейік, жалпы Петропавлда 2176 үй су астында қалған болатын, деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі.
Облыс орталығында су астында қалған баспаналардың 1458-і тұруға жарамсыз деп танылған. Ал қалған 718 үй қайта қалпына келтірілетін болды. Тасқыннан үйі зардап шеккендердің бірі Ойқала ықшам ауданының тұрғыны – Людмила Жалдак. Оның үйіне қатты су кіріп, жиһаздарының барлығы бүлінген. Баспанасына техникалық бағалау жүргізіліп, тұруға жарамды деп танылған. Содан қажетті қаражат бөлініп, қазір жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
«Үйімде екі аптаға жуық су тұрды. Қазір қайта қалпына келтіріп жатырмыз. Алдымен үйді судан кептіріп алдық. Енді жөндеуге кірістік. Барлық жұмыстарды өзіміз жасаймыз деп шештім. Мемлекет тарапынан 9,2 млн теңге қаржы берілді. Едендерді толығымен жаңартып, қазір сылақ жұмыстарына кірістік», — деді қала тұрғыны Людмила Жалдак.
Үкімет басшысы қала тұрғынына сәттілік тілеп, жөндеу жұмыстарын күн суығанша бітіруге тырысулары қажет екенін айтты. Қазіргі уақытта, Петропавлдағы барлық тұрғын үйлерге техникалық бағалау жұмыстары жүргізілген. 48 үй сүріліп тасталды. 255 баспанада жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
«Қалада аудандардан келген арнайы 58 мехбригада жұмыс істеп жатыр, құрамында 7 адамнан бар. Олар тек жөндеу жұмыстарымен ғана айналыспайды. Сонымен қатар қаланы қоқыстан да тазартып жатыр. Қазіргі уақытта облыс орталығынан 10 мың тоннаға жуық қоқыс арнайы полигонға шығарылды», — деді облыс әкімінің орынбасары Қанат Дүзелбаев.
Кейін үкімет басшысы Ойқала ықшам ауданында тұратын Анатолий Плешаковтың үйіне барды. Оның тасқыннан зардап шеккен үйін бағалаушылар тұруға жарамды деп таныған. Қазіргі уақытта Ғ. Мүсірепов ауданынан келген мехбригада жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Қажетті қаражат бөлінген.
«Көршіміздің үйін тұруға жарамсыз деп таныды. Біздің баспана қайта қалпына келтіріліп жатыр. Ауа-райыда қолайсыз болған соң үйді кептіру жұмыстары қиынға соқты. Бірақ әлі де жұмыстар жалғасып жатыр. Мемлекет тарапынан қажетті көмектің барлығын алдық», — деді Анатолий Плешаков.
Премьер-министр Олжас Бектеновке Петропавлда резервтік сумен жабдықтау көзін салу жоспарлары туралы да баяндалды. Жобалық қуаты сағатына 100 мың м3 болатын техникалық құрылысты табиғи және техногендік сипаттағы ТЖ туындаған жағдайда халықты таза ауыз сумен қамтамасыз ету үшін жұмысы тоқтатылған сорғы стансасының орнында салу көзделген. Жобаны іске асыру көктемде Петропавл тұрғындары тап болған қиындықтарды болдырмауға мүмкіндік береді. Үкімет басшысы мұндай апатты жағдайдың қайталануына жол берілмейтінін атап өтіп, СҚО әкімдігіне Қаржы министрлігімен бірлесіп жобаны іске асыруға қаражат бөлу мәселесін пысықтауды тапсырды.
Тағы оқыңыз:Петропавлдағы «Қалыңдық үйінде» тағы жөндеу жұмыстары басталды