Уәлиханов ауданының оқушылары бір күндерін Петропавлда өткізді

«Бір күн қалада» іс-шарасы аясында Уәлиханов ауданының оқушылары Петропавлдың көрікті жерлерін аралады. Балалар үшін көңілді танымдық экскурсия ұйымдастырылды, деп жазады Qazaqstan Media тілшісі.

Уәлиханов ауданынан келген оқушылардың бірі -Жанерке Тұрсынова. Ол биыл бесінші сыныпты оқу үздігі болып аяқтаған. Петропавл қаласына бір күндік экскурсия ұйымдастырылатындығын естіп, қуанғанын жасырмайды. Себебі сыныптары, достарымен бірінші рет облыс орталығына келіп отыр. Жанерке үшін жазғы демалыстың қуанышқа толы әрі қызықты басталғандығын оның балбұл жанған жүзінен көруге болады.

Уәлиханов ауданының оқушылары бір күндерін Петропавлда өткізді

 

«Петропавлдың саябағына осыған дейін ата-анам, бауырларыммен келген едім. Ал достарыммен бірінші рет келіп отырмын. Өте қызықты болып жатыр.  Экскурсияны ұйымдастырғандарға алғыс айтамын. Қаланың ең қызықты, әдемі жерлерін көргім келеді. Достарыммен естелік үшін суретке түсіп жатырмыз. Үйге барғасын ата-анама демалысымыз жайында мақтана айтатын боламын», — дейді Жанерке Тұрсынова.

Ал Манарбек Адикенов қаладағы орталық демалыс және мәдениет саябағына алғаш келіп отыр. Сондықтан ерекше әсер алған. Ол үшін облыстық өлкетану мұражайында ұйымдастырылған экскурсия да қызықты болған. Көп мәліметтерді сабақта естігенімен, мұражайда жәдігерлерді көріп, олар жайлы ақпаратты тыңдау басқаша әсер қалдырады дейді оқушы.

«Мен өзім сабақты 4-5 деген бағаға оқимын. Асық ату жарыстарына қатысамын. Екі рет облыстық жарысқа қатысып, жүлделі орындар алдым. Бүгінгі Петропавлға жасаған саяхат ұнап жатыр. Әсіресе, достармен аралаған жақсы екен. Жазғы демалыстың осылай қызықты басталғаны қуантады. Біз саябақта, мұражайда болдық, киноға да барамыз», — деп алған әсерімен бөлісті оқушы.

Осы жолы «Бір күн қалада» іс-шарасына Уәлиханов ауданы Жамбыл орта мектебінің балалары келген. 5-7 сынып оқушылары бір күн ішінде Петррпавлдағы орталық саябақтағы әткеншектерге мініп, өлкетану мұражайы мен Абылайхан резиденциясындағы жәдігерлермен танысты. Сонымен қатар облыс орталығындағы сауда үйлерінің біріндегі кинотеатрға да барды.

Айта кетейік, бұл күні қаланың көрікті жерлерін уәлихандық балалардан бөлек, Ақжар және Айыртау аудандарынан келген оқушылар да аралады.

Тағы оқыңыз: Солтүстікқазақстандық 30 оқушыға Samruk-Kazyna Trust қоры жазғы демалысқа жолдама сыйлады

Please follow and like us:
Subscribe
Notify of
guest
0 комментариев
Oldest
Newest Most Voted
Inline Feedbacks
View all comments
0
Would love your thoughts, please comment.x
()
x