Петропавлда тасқын су зардаптарымен күрес әлі де жалғасуда. Ойқала ықшам ауданындағы 134 үйге Уәлиханов ауданынан келген мехбригада жауапты. Қазіргі таңда аталмыш бригада жөндеу жүргізуі тиіс баспаналардың басым бөлігі жарамыз деп танылып, сүрілмек, деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі.
Бұл — Әлкешевтер отбасысының шаңырағы. Ерлі-зайыптылар үйлерін осыдан 7 жыл бұрын сатып алған екен. Табиғи апат кезінде баспана су астында қалды. Әп-сәтте жиһаз, керек жарақтың бәрі жарамсыз болып қалған. Дегенмен, қуанышқа орай әкімдік отбасыға үш бөлмелі пәтер кілтін табыстаған.
«Комиссияны бір апта күттік . Аз уақытың ішінде бағалаушылар келіп жиһаз бен техникаға келтірілген залалдың көлемін есептеді. Үйіміз тұруға жарамсыз деп танылғандықтан Петропавл әкімдігі үш бөлмелі үй берді. Қуанышымызда шек жоқ. Баспананың ішінде жақсы жөндеу жұмыстары жүргізілген», — дейді Петропавл тұрғыны Гүлмира Әлкешева.
Комиссия шешімі бойынша Уәлиханов ауданы жауапты 70 үй апатты деп танылды. Сондықтан мехбригадалар қазіргі уақытта тұрғындардың келісімімен электр қуаты мен суды өшіріп, үйлерді сүру жұмыстарын бастап кетті.
«Жалпы біздің ауданнан 35 адам келді. Онымен қоса, үлкен 3 жүк техникамыз бар. Біз жалпы 134 үйге жауаптымыз. Соның ішінде әзірге, тек 29-ына сметалық құжаттар шықты. Онда ремонттық жұмыстар жүріп жатыр», — деді Уәлиханов ауданы әкімінің орынбасары Талғат Сағитов.
Тағы оқыңыз:СҚО-да шенеуніктер 7,1 млрд теңге бюджет қаражатын заңсыз жұмсамақ болған