30 мамыр күні Солтүстік Қазақстан облысы бойынша тексеру комиссиясының отырысы өтті. Онда спорт саласында жүргізілген мемлекеттік аудиттің қорытындылары айтылды, деп жазады Qazaqstan Media тілшісі.
Аудиторлық тексеріс нәтижесінде спорт саласында 2 526,0 мың теңгенің қаржылық заң бұзушылығы анықталды. Оның– 2 372,1 мың теңгесі қалпына келтіруге, ал 153,9 мың теңге бюджет кірісіне өтеуге жатады. Тұрақсыздық айыбының жалпы сомасы — 16,3 мың теңгені құрады. Сондай-ақ рәсімдерді орындау тәртібінің 35 бұзушылығы анықталды.
«Аудит объектілері жалақы, үстемеақылар, іссапар шығыстары, жанар-жағармай материалдарын есептен шығару, мемлекеттік сатып алу туралы заңнама, бухгалтерлік есеп және қаржылық есептілік бойынша бұзушылықтарға жол берді. Жүргізілген тексеріс нәтижесі бойынша мемлекеттік аудит объектілерінің 8 лауазымды тұлғасы тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Әкімшілік құқық бұзушылық белгілері бар 72 материал Солтүстік Қазақстан облысы бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаментіне жіберілді», — деп көрсетілген облыстық тексеру комиссиясы ұсынған хабарламада.
Бес лауазымды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оларға 996,9 мың теңге көлеміне айыппұл салынды.
Тағы оқыңыз: СҚО-да ірімшік цехы мен көкөніс қоймасы салынып жатыр