Солтүстік Қазақстанда тротуарлар мен аялдама павильондарын орнатуға бөлінген бюджет қаражатына аудит жүргізілді. Оның қорытындысы облыстық тексеру комиссиясының отырысында белгілі болды, деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі.
Жүргізілген аудиторлық тексерістің нәтижесінде 30 058,5 мың теңгенің қаржылық заң бұзушылығы анықталды. Аудит барысында сома толық көлемде қалпына келтірілді.
«Бюджет қаражатын тиімсіз пайдалану сомасы – 3 282,9 мың теңге. Мемлекеттік аудит барысында рәсімдерді орындау тәртібін бұзудың 10 және аудит объектісінің қызметінде бір кемшілік анықталды. Аудит объектісі мемлекеттік сатып алу, бухгалтерлік есеп және қаржылық есептілік туралы заңнаманы бұзуға жол берген», — делінген облыстық тексеру комиссиясы ұсынған ақпаратта.
Ал әкімшілік құқық бұзушылық белгілері бар екі материал Солтүстік Қазақстан облысы бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаментіне жіберілді.
Осы ретте олқылыққа жол берген мекеме басшысына қаржылық тәртіпті нығайту және кадр саясатын жетілдіру бойынша жұмыс жүргізу тапсырылды.
Осыған дейін Солтүстік Қазақстан облысының тексеру комиссиясы Шал ақын аудандық ауруханасында мемлекеттік аудит жүргізіп, бірқатар олқылықтар анықтаған болатын.
Тағы оқыңыз: Петропавлда 90 орындық балабақшаның құрылысы басталды