Петропавлдағы Былғары зауыты ауданында қазір үйлерді қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Іске өзгелермен қоса шалақындық мехбригада да жұмылдырылған. Олар осы уақыт аралығында ауданнан 120 КамАЗ қоқыс шығарған, деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі.
Қазір Шал ақын ауданынан келген мехбригада Николай Закотыриннің үйінен қоқыс шығарып жатыр. Су тиіп бүлінген жиһаз, техника барлығы жарамсыз болып қалған. Ал қала тұрғынының баспанасын мамандар алдағы уақытта жөндеуге кіріседі.
«Былғары зауыты ауданында тұрып жатқаныма 25 жыл болды. Бас кезінде кішкентай ғана үйде тұрғанмын. Ал 2006 жылы өз қолыммен екі қабатты баспана салдым. Бірақ бұрындары бізге су келмейтін. Ал биыл тереземнің жартысына дейін су тұрды. Қазір мехбригадалар жұмыс істеп жатыр. Нақ осы бригада алдағы уақытта жөндеу жұмыстарын жүргізеді. Ал әзірге баспана кептірілуде. Оған екі аптадай уақыт қажет», — дейді қала тұрғыны.
Биыл көктемде Былғары зауыты ауданындағы 358 үйді су басқан. Олардың 74-ін Шал ақын ауданынан келген мехбригада қалпына келтіруі тиіс. Алайда қазір комиссия баспаналардың 48-ін тұруға жарамсыз деп таныған.
«Біз жауапты аумақтағы барлық үйлер тексеріліп, бағалау жүргізілді. Қазір біз қалпына келтіруге болатын үйлерді кептіріп, жөндеуге дайындап жатырмыз. Жалпы бұл жұмыстарға 65 адам жұмылдырылған. Сегіз техника бар. Сондай-ақ 20 мотопомпамен кей үйлердің жертөлелерінен су шығару жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұдан бөлек, баспаналардан қоқыс шығарылуда. Бес КамАЗ күніне 4-5 рейстен жасайды. Осы уақыт аралығында 480 тонна қоқыс шығарылды», — деді Шал ақын ауданы әкімінің орынбасары Саят Омаров
Тағы оқыңыз: СҚО-да А. Байтұрсынұлы туралы фильмнің алғашқы көрсетілімі өтті