Соңғы аптада Қазақстанда пияздың бағасы 6,1 пайызға күрт өсті. Картоп пен сәбіз де айтарлықтай қымбаттады, деп жазады Qazaqstan Media тілшісі KAZ.NUR.KZ сайтына сілтеме жасап.
Қазақстанда пияздың қымбаттауы жалғасуда. Бұған дейін сәуір айының соңғы аптасында оның бағасы бірден 4,2 пайызға көтерілген еді. Ұлттық статистика басқармасының мәліметінше, 14-24 мамыр аралығында бұдан да күшті өсім тіркелді – 6,1 пайыз. Қазір Қазақстанда бір келі пияздың орташа құны 114 теңге шамасында болса, сәуір айының соңында ол небәрі 92 теңге болды. Апта ішінде пиязбен қатар картоп (3,8 пайызға) және сәбіз де (1,4 пайызға) айтарлықтай қымбаттады. Бірақ ақ қырыққабаттың бағасы айтарлықтай төмендеді – 10,4 пайызға. Бұл көкөністердің бір келісінің орташа құны келесідей: картоп – 160 теңге; сәбіз – 194 теңге; қырыққабат – 138 теңге.
Басқа да әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының арасында күріш (жылына 18,4 пайызға), тұзсыз сары май (11,6 пайызға) және тауық еті (10 пайызға) бағасының қатты өскенін атап өтуге болады. Дегенмен қарақұмық пен күнбағыс майының орташа бағасы бір жыл бұрынғыдан төмен – сәйкесінше 37,5 және 24,1 пайызға.
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Қазақстанда әлеуметтік маңызы бар өнімдерге шекті бағаларды алып тастау туралы шешім қабылданды, себебі бағаны реттеудің бұл тетігі тиімді болмай шықты.
Тағы оқыңыз: СҚО-да 94 жастағы қария өз-өзін жарып жіберген: Оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалды