Петропавлда су тасқынынан зардап шеккендер салынып жатқан үйлердің сапасын көрді

Су тасқыны салдарынан үйлері жарамсыз болып қалған петропавлдықтардың біразы Солнечный – 2 ауданында жаңадан салынып жатқан баспаналарды таңдаған. Қазір онда жұмыс қызған. Бүгіндері тұрғындарға құрылыс алаңына келіп, өздерінің болашақ үйлерімен танысуға мүмкіндік жасалып отыр, деп жазады Qazaqstan Media тілшісі.

Екатерина Власенко ұлымен бірге Былғары зауыты ауданында тұрған. Бұған дейін үйлерін су баспаған тұрғын биыл да қамсыз отырған. Бірақ қызыл су баспанасына жеткенде абдырап қалған келіншек, әрең қашып шыққан.

Петропавлда су тасқынынан зардап шеккендер салынып жатқан үйлердің сапасын көрді

«Үйімізге су санаулы минуттардың ішінде кірді. Сондықтан түк алып үлгерместен шықтық. Баспанамыз толығымен су астында қалды. Қазір қызымыздың үйінде тұрып жатырмыз. Техникалық бақылау комиссиясы келіп баспананы тексеріп, апатты деп таныды. Сосын әкімдіктегілер бізге жаңа үй алуға ұсыныс жасады. Біз Солнечный – 2  ауданындағы жаңа үйден аламыз деп шештік. Құрылыс басына үшінші рет келіп тұрмын. Үйлердің жобалауы, бәрі ұнады. Бұрынғы үйіміз  40 шаршы метр болатын, мұнда 80 шаршы метр. Әрі ыстық, суық су, дәретхана бәрі үйде. Бау-бақша егетін жер де бар. Өзіме ұнап тұр», — дейді қала тұрғыны.

Екатерина Власенконың екі қызының үйін де топан су шайып, тұруға жарамсыз болып қалған. Олар да аналарының қасынан үй алуға өтініш жазыпты. Қала тұрғыны қиын жағдайда қол ұшын беріп жатқан жандарға алғысын айтуда.

«Бізге бірінші күннен бастап жан-жақты көмектесті. Әкімдіктегілер үнемі байланыста. Бір реттік жәрдемақыны алдық. Баспана береміз деп еді, уәделерінде тұрды. Енді қоныс тойын тойлауға дайындаламыз. Алғашында күйзелісте болдым. Кейін көмек көрсете бастады, әрі бәрінің орнын толтырамыз дегесін сабама түстім», — деп бөлісті зейнеткер.

Петропавлда су тасқынынан зардап шеккендер салынып жатқан үйлердің сапасын көрді

Петропавлда су тасқынынан зардап шеккендер салынып жатқан үйлердің сапасын көрді

Солнечный – 2 ауданындағы жаңадан салынып жатқан үйлердің құрылысын техникалық қадағалаушылар әрдайым бақылап отырады. Олар құрылыс материалдарының сапасын, тұрғызылған қабырға, жабылған шатырға  дейін бәрін тексереді.

«Құрылыс жылдам жүріп жатыр. Ол сапаға әсер етпейді. Көпшілік үйлер тез салынып жатқасын, сапасына алаңдаулы. Бірақ мұнда заманауи құрылыс материалдары пайдаланылуда. Мысалы, фундаменттің өзі 350 бетон маркілі күшейтілген арматурадан құйылды. Бұл маркіні гидротехникалық ғимаратты салуда пайдаланады. Біз жұмыс барысын таңғы сегізден бақылаймыз», — дейді «УКС СКО» ЖШС техникалық бақылаушысы Леонид Зацепа.

Жаңа баспаналардың орташа құны — 22 млн теңгеге бағаланып отыр.

Тағы оқыңыз: «Жөндеу жұмыстары тым ұзаққа созылып кетеді ме деп алаңдайды»: Үйін су басқан Петропавл тұрғыны

Please follow and like us:
Subscribe
Notify of
guest
0 комментариев
Oldest
Newest Most Voted
Inline Feedbacks
View all comments
0
Would love your thoughts, please comment.x
()
x