СҚО-да су тасқыны салдарынан Былғары зауыты ауданында 234 үй су астында қалды. Олардың 77-сі әлі күнге дейін суда тұр. Қазір тасқын су кеткен үйлерді қалпына келтіру жұмыстары басталып кеткен. Оған Жамбыл, Шал ақын және Есіл аудандарының мехбригадалары жауапты, деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі.
Былғары зауыты ауданында жалпы 323 үй бар. Тасқын су солардың 234-іне кірген. Баспанасын су басқандардың бірі – Юрковтар отбасы. Олар бұл үйде 17 жыл тұрған екен.
«Бұл үйді өзіміз салып едік. 2017 жылы тек біздің бақшамызды ғана су басқан. Биыл үйіміз толықтай су астында қалды. Қазір Жамбыл ауданынын келген мамандар барлық заттарымызды сыртқа шығарып, үйімізді кептіріп жатыр. Барлық жөндеу жұмыстары біздің қадағалауымызбен жүргізілуде. Жолдасымның денсаулығы нашар. Ал ұлым күні бойы жұмыста. Жұмысшыларға үлкен рахмет. Барлық жұмысты істеп беріп жатыр», — деді былғары зауыты кентінің тұрғыны Ирина Юркова.
Қазіргі уақытта Былғары зауыты ауданындағы 180 үйге техникалық бақылау жүргізілді. 86 үй апатты деп танылған. Аудандағы 85 үйді қайта қалпына келтіруге Жамбыл ауданының мехбригадасы жауапты. Сондықтан жүктелген шаруаны мерзімінде аяқтау үшін ауданнан 35 маманнан құрылған бес бригада келген. Олар үшінші мамыр күні жұмысқа кірісті.
«Әр бригада жеті адамнан құралған. Өзімізбен бірге барлық қажетті құрал-жабдықтарымызды алып келдік. Сегіз техника бар. Қазіргі уақытта алты үйді жөндеп жатырмыз. Қалған баспаналарды да кептіріп, кейін қалпына келтіретін боламыз», — деді Жамбыл ауданы әкімінің орынбасары Руслан Аюпов.
Қазіргі уақытта Былғары зауытында жалпы 23 үй қайта қалпына келтіріліп жатыр. Жамбылдық мехбригада тек үйлерді жөндеумен ғана емес, ауданды қоқыстан тазарту жұмыстарымен де айналысып жатыр. Осы уақытқа дейін 800 тоннаға жуық қоқысты арнайы алаңға шығарған.
«Су тартылса үйлердің ауласын тұрғындардың келісімімен тазартатын боламыз. Қазір біздің қарамағымыздағы 42 үй әлі де су астында тұр. Техникалық бақылаулар жүргізіліп жатыр. 26 үй қайта қалпына келтіруге келмейді», — деді Руслан Аюпов.
Мехбригада құрамында келген мамандар қазір №12 орта мектепте жайғастырылған. Жамбыл ауданының әкімдігі жұмысшылардың барлығын төсек-орын сынды қажетті заттармен қамтамасыз етіпті. Жұмысшылардың жалақысы, тамағы барлығы аудан есебінен өтелетін болады.
Тағы оқыңыз:Петропавлда полицейді қорлаған жасөспірім сотталды