Солтүстік Қазақстан облысында үйлерін су басқан ауыл тұрғындары әлеуметтік желіге бейнежазба жүктеп, көмек көрсетілмей жатқандығын айтып дабыл қағуда. Кейбірі баспаналарын тастап, туысқандарының үйлерін паналауға мәжбүр, деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі.
Ғ. Мүсірепов атындағы ауданның Новоишим ауылында жағдай мәз емес. Мұнда Есіл өзені арнасынан асып, үйлерге жақындап қалған. Сондықтан ауласын су басқан тұрғындар тасқын су үйімізге де кіреді деп қауіптеніп отыр.
«2017 жылы осындай су тасқыны болғанда ауламызға дейін су келмеп еді. Ал биыл тіпті үйімізге кіріп кетеді деп қауіптеніп отырмыз. Сондықтан баспанамызды тастап қызымыздың үйіне көшіп барамыз. Қыста қарды уақытылы шығарып отырдық. Қар ерігенде жырақа жасап, суды бұрып жібермек те болдық. Бірақ Есіл тасып, жайылып барады. Су үсті-үстіне келіп жатыр», — дейді ауыл тұрғындары.
Тайынша ауданындағы Алабота ауылын да су басқан. Үйлеріне су кірген тұрғындар көмек күтіп шаршаған. Олар қазір өз күштерімен қорадағы малдарын шығарып жатыр.
Тағы оқыңыз:СҚО-да газ баллоны жарылған баспана тұрғындары әлі күнге дейін туыстарын паналап жүр