СҚО-да газ баллоны жарылған баспана тұрғындары әлі күнге дейін туыстарын паналап жүр

Солтүстік Қазақстан облысы Аққайың ауданы Смирново ауылының тұрғындары далада қалдық деп дабыл қағуда. Себебі, 2023 жылдың желтоқсанында екі қабатты үйде газ баллоны жарылып, төрт бірдей отбасы баспанасыз қалған болатын. Оларға әкімдіктегілер көмек көрсетеміз деп уәдені үйіп-төккен. Бірақ арада төрт ай өтсе де, олар әлі күнге дейін ағайын-туыстарының баспанасын паналауға мәжбүр, деп жазады Qazaqstan Media тілшісі.

Қайғылы оқиға былтыр сегізінші желтоқсанда орын  алды. Екі қабатты үйдегі пәтерлердің бірінде газ баллоны жарылып, қыз бала көз жұмып, бір ер адам ауыр халде ауруханаға жеткізілген болатын. Төтенше жағдай салдарынан төрт пәтер зақымдалды. Оқиға болған күні-ақ мұнда бірден облыс және аудан басшылығы барып, тұрғындардың ешбірі шетте қалмайды, көмек болады деп уәде берген. Алайда, арада төрт ай өтсе де еш нәтиже жоқ дейді тұрғындар.

«Мұнда менің тәтем тұрды. Екінші топтағы мүгедек. Жарылыс болған күні біз оны бірден алып кеттік. Дүние-мүлкі бәрі осы үйде қалды. Қазір біз жарылыс болған баспананың жағдайын білмей отырмыз. Оған жөндеу жүргізіле ме, әлде ол апатты деп танылды ма? Ешкім дұрыс түсіндіріп айтпайды. Өзім әкімге қабылдауға жазылып, бардым. Ол маған: «Бізде артық үй жоқ. Қолыңызға ешқандай құжат бере алмаймыз. Тәтеңізді қолыңызға алыңыз, не болмаса қарттар үйіне өткізіңіз» – деді. Комиссияның шешімі бар ма, жоқ па оны да білмейміз», – дейді Смирнов ауылының тұрғыны Айнаш Қарапова.

Жарылыстан зардап шеккен отбасылардың арасында пәтерді қарызданып сатып алған жас жанұяда бар. Баспананы жөндеп, енді көшеміз деген жоспарларының күл-талқаны шыққан. Одан қалды қос қабатты үйдің бірінші қабатында орналасқан дүкенге де зақым келген. Кәсіпкерге де ешқандай көмек болмаған.

Аудан басшылығы мәселеден хабардар. Бірақ, тұрғындарға беретін уақытша баспана жоқ. Сондықтан олар өрттен зардап шеккендер ретінде 360 мың теңге шамасында өтемақы ғана алған.

«Бізде арнайы комиссия құрылды. Төтенше жағдай мамандары қылмыстық іс  ашты. Оның аясында тергеу, тексеру жүргізіліп жатыр. Баспаналардың қаншалық зақымдалғанын, олардың жөндеуге келе ме, жоқ па екендігі анықталу үстінде. Сараптамалық комиссияның да, қылмыстық іс бойынша да шешім әлі шыққан жоқ. Аудандағы баспана қорында зардап шеккендерге үй қарастырылмаған. Қорда тек өзге өңірлерден көшіп келген отбасыларға арналған баспаналар бар. Зардап шеккен отбасылардың біреуіне уақытша пәтер берілді. Қалғандары туыс-туғандарында тұрып жатыр», – деп нақтылады Аққайың ауданы әкімінің орынбасары Евгений Остертак.

СҚО-да газ баллоны жарылған баспана тұрғындары әлі күнге дейін туыстарын паналап жүр

Төтенше жағдайлар бөлімінің мамандары, қазір қылмыстық іс өндірісте деп отыр. Жөндеу-қайта қалпына келтіру жұмыстарының құнын анықтау үшін сараптама жүргізіліп жатыр. Бұған дейін де бірнеше сараптама жасатыпты. Аталған факті бойынша шешім қашан шығатыны да әзірге белгісіз.

Please follow and like us:
Subscribe
Notify of
guest
0 комментариев
Inline Feedbacks
View all comments
0
Would love your thoughts, please comment.x
()
x