Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов Ғабит Мүсірепов ауданында су тасқынына қарсы іс-шаралардың орындалуын тексерді. Сонымен қатар су басу қаупі жоғары деген төрт ауданның басшыларымен жиын өткізді, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Өңір басшысы Рузаевка ауылындағы тасқын суға дайындық бойынша есепті тыңдап, Жембарақ және Шарық өзендерін бақылады. Су өткізгіш құбырларды тазалау барысын да қарады. Бірлік ауылына Есіл өзені арқылы өтетін көпір құрылысының жобасымен танысып, арнайы техниканың дайындығын тексерді.
Сондай-ақ Ғауез Нұрмұхамбетов Ғ. Мүсірепов, Шал ақын, Тимирязев және Айыртау аудандарының әкімдерімен жиын өткізді. Тиісті ведомство басшылары да қатысқан кеңесте су тасқынына дайындық барысы пысықталды.
«Бұл мәселе өте күрделі, барлық жауапты мемлекеттік органдарға күшейтілген жұмыс режиміне көшуді және негізгі іс-шаралар жоспарының уақтылы және сапалы орындалуын қамтамасыз етуді тапсырдым. Әсіресе барлық су өткізгіштерді тазарту, қар шығару және инертті материалдарды дайындау жұмыстарын күшейту қажет», — деп жазды өңір басшысы әлеуметтік желіде.
Тағы оқыңыз:Дәрігер білімі мен біліктілігін үнемі жетілдіріп отыруы керек – Алтынай Таузарова