Қазақстандықтарға жаңа әзірленген оқулықтардың мазмұнын талқылауға мүмкіндік беріліп отыр. Бұл туралы ҚР Оқу-ағарту министрлігінің Республикалық ғылыми-практикалық білім мазмұнын сараптау орталығы мәлімдеді, деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі.
12 ақпаннан бастап жаңадан әзірленген оқулықтардың мазмұнына қоғамдық талқылаулар жүргізіліп жатыр.
«Қоғамдық талқылауға ғылыми-педагогикалық қоғам өкілдері, әдіскерлер, ғалымдар, сондай-ақ оқулықтардың сапасына бей-жай қарамайтын қазақстандықтар қатысуға мүмкіндік алды», — делінген ведомствоның Telegram арнасында жарияланған хабарламада.
Министрлік өкілдерінің мәлімдеуінше, талқылау talkylau.ebmso.edu.kz сайтында жүргізіледі. Осы сайт арқылы қоғам мен ғылыми-педагогикалық қауымдастық өкілдері оқулықтар мазмұнының сапасы, құрылымы, әдістемелік тәсілдері, баяндау тілі мен безендірілуіне қатысты сындарлы пікірін білдіре алады. Ол үшін мына қадамдарды орындау қажет: веб-порталда тіркелу; оқулықтардың түпнұсқа-макеттерімен танысу; «түсініктеме қосу» тетігі арқылы оқулықтардың мазмұны мен құрылымына қатысты сын-пікірлер, ұсыныстар мен ескертулер жазу.
Сайтта жаңадан әзірленген мынандай оқулықтар бар: 3-сыныпқа арналған «Еңбекке баулу», «Бейнелеу өнері», «Орыс тілі» (орыс тілінде оқытатын мектептер үшін), шет тілдері (ағылшын, француз); 3,9-11 сыныптарға арналған «Неміс тілі»; 5-9 сыныптарға арналған «Жаһандық құзыреттілік» оқулықтары қағаз нұсқада; 3-сыныпқа арналған «Цифрлық сауаттылық/Цифровая грамотность» пәні бойынша электронды оқулықтар.
Тағы оқыңыз: Петропавлда автосервис өртенді