СҚО-да қаңғыбас иттер адамдарға шабуылдап жатыр

СҚО Қызылжар ауданының Бәйтерек ауылында қаңғыбас иттер көбейіп кетті. Төртаяқтылар елді мекен тұрғындарына шабуылдай бастаған. Ауыл халқы құзырлы органдарға шағымданған. Алайда одан еш нәтиже жоқ, деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі.

Айнұр Құдайбергенова Бәйтерек ауылының тұрғыны. Ол мұнда 2011 жылы Өзбекстаннан қоныс аударған. Төрт бала тәрбиелеп отырған ана балаларын мектепке жіберуге қорқады екен.

«Жақында  қораның есігі ашық қалып, қаңғыбас иттер екі бірдей малымызды тістеп, өлтіріп кетті. Кешке далаға шығуға қорқамыз. Мектепте оқитын балаларым үшін тіптен алаңдаймын», — дейді ол.

Тұрғындарының сөзінше, Бәйтерек ауылына жақын маңда қоқыс алаңы бар. Жауапсыз адамдар сол жерге иттерін апарып тастайтын көрінеді. Ал ашыққан төртаяқтылар адамдарға шабуылдай бастаған. Иттер әсіресе мектеп жанында толып жүретін көрінеді.

«Тауық асыраймыз. Жуырда иттер келіп 3 тауығымды өлтіріп кетті. Оны өз көзіммен көрдім. Участкелік полицейге айттым. Маған әкімдік ақша берді. Бірақ, барлық ауыл тұрғындарына бере бермейді ғой. Кішкентай балаларға обал. Иттер олардың қолындағы сөмкелеріне жабысады. Тіпті, мен сияқты үлкен кісілер көшеде емін-еркін жүре алмайтын болдық. Аш иттер қауып алуға дайын тұрады», — дейді Бәйтерек ауылының тұрғыны Сақап Құлмұрзинова.

2022 жылдың 2 наурызында «Жануарларға жауапкершілікпен қарау» туралы заң күшіне енді. Бұл заң аясында қаңғыбас иттерді атуға тыйым салынған. Облыстық ветеринария басқармасы баспасөз қызметінің сөзінше, Ольшанка ауылында жануарларды уақытша ұстауға арналған пункт салынбақ. Қазіргі уақытта жер телімі бөлініп, жобалық-сметалық құжаттар әзірленуде.

«Қызылжар ауданында қазір қаңғыбас иттер мен мысықтарды ұстауға орын қарастырылмаған. Ольшанка ауылында пункт салынғаннан соң мамандар жануарларды ұстап, сол жерге апаратын болады. Онда жануарлар зарарсыздандырылып, чиптеледі. Қазіргі уақытта бұл жұмыс тоқтатылып тұр. Ал егер балаларды қауып алып жатса, тұрғындар аудандық ветеринария станциясына шағым жазып қалдырса болады», — деді облыстық ветеринария басқармасының баспасөз хатшысы Аманжол Нұртазин.

Тағы оқыңыз:Мәжіліс депутаты «Ұлттық киім» күнін бекітуді ұсынды

 

Please follow and like us:
Subscribe
Notify of
guest
0 комментариев
Oldest
Newest Most Voted
Inline Feedbacks
View all comments
0
Would love your thoughts, please comment.x
()
x