СҚО-да учаскелік полиция инспекторлары демалыс күні боранда жолда қалған жүргізушілерге көмектесті, деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі.
Демалыс күндері полиция қызметкерлерінің көмегіне жолдағы автокөлік жүргізушілері көп жүгінген. Демалыс күндері түтеген боранға қарамастан жолға шыққан жүргізушілер аз болмады. Мәселен, Мамлют ауданы Дубровный ауылынан аса бірнеше көлік қар құрсауында қалды. Жүргізушілердің бірі Старомихайловкаға үйіне бару үшін жолға шығыпты. Ол учаскелік инспектор Әлібек Осиповке қоңырау шалып, көмек сұраған. Өз кезегінде полицей «Қазавтожол” АҚ тракторларын шақырып, жолды қардан тазартуды ұйымдастырды.
Ал, учаскелік инспектор Ақыл Байтеңізов жолдан шығып кеткен Газель автокөлігін қызметтік Нивамен шығарып алды. Бақтияр Амангелдиев те, Архангельск ауылына барып, жолда қалған отбасыға қол ұшын созды. Учаскелік инспектор Жамбыл Оралбаев болса, Виноградовка ауылының тұрғыны Андрей Пантюхов екеуі Соколовка ауылының тұрғыны мінген ВАЗ-2109 машинасын қар өткелінен шығарды.
РФ Сүргіт қаласынан келе жатқан азаматтардың машинасы жол жиегіне шығып кетеді. Оларды шығару үшін полиция қызметкерлері Тамерлан Тастанбек пен Хамит Сәдуақасов жергілікті ШҚ директоры Виктор Рединнен трактор сұрап алады.
Ал, Астана – Петропавл автожолының 346 шақырымында Көкшетау қаласына барған тағы бір ресейлік жүргізуші жол жиегіне түсіп кеткен. Көлік жолдан шамамен 10 метр қашықтықта қарға батқан. Оны СҚО ПД патрульдік полиция батальонының қызметкерлері Евгений Вишневский мен Алтынбек Омаров байқап қалады. Автокөлікті қардан шығару үшін ДЭУ механизаторларына жүгінеді.
Тағы оқыңыз: СҚО-да соңғы екі жылда «Серпін-2050» бағдарламасы бойынша колледжге бірде-бір студент оқуға түспеген