Петропавл қаласы әкімдігінің мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөліміне жаңа басшы тағайындалды. Енді мекемеге театр актері Руслан Сенкебаев жетекшілік етпек. Бұл туралы ол өзінің Instagram желісіндегі парақшасында жазған, деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі.
Руслан Сенкебаев 1978 жылы Алматы облысы, Шелек ауылында дүниеге келді. 1985-1995 жылдары А. Жұбанов атындағы Республикалық дарынды балаларға арналған музыка мектеп-интернатында оқыды. 1993-1995 жылдары Ш. Құдайбердиев атындағы театр студиясында «драма актері» мамандығына дәріс алды. 1996-2000 жылдары Т. Жүргенов атындағы Театр-Кино институтының театр факультетінің «драма және кино актері» мамандығы бойынша оқып бітірді. Өнер жолын СҚО С. Мұқанов атындағы музыкалық драма театрында бастаған. Әр жылдары М. Әуезов атындағы қазақ мемлекеттік драма театрының актері, Қазақстан Жазушылар Одағының басшысы және «Қазмемциркте» бөлім бастығы және директордың орынбасары қызметтерін атқарды. Ал осы тағайындауға дейін Талдықорған қаласындағы Б. Римова атындағы облыстық драма театрының директоры болған. Тағы Руслан Сенкебаевтың асаба болғаны белгілі.
Айта кетейік, осыған дейін Петропавл қаласы әкімдігінің мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы болған Ержан Құлымбетов жаңа қызметке ауысқан болатын. Ол бір айға жуық уақыттан бері облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы болып еңбек етіп жүр.
Тағы оқыңыз: 5 желтоқсан – Халықаралық еріктілер күні