Биыл экология департаменті Аққайың ауданы Смирнов ауылдық округі мен Ақжар ауданы Құлыкөл ауылдық округі әкімдіктеріне келіп түскен өтініштер негізінде тексерулер жүргізген. Нәтижесінде заң бұзушылықтар үшін жалпы сомасы 2,6 млн теңгеден асатын айыппұл салынды, деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі.
Жалпы биыл СҚО-да рұқсаты жоқ 200-ге жуық қоқыс полигоны анықталды, тағы 76-сының шекарасы заңсыз кеңейген. СҚО бойынша экология департаментінің басшысы Азамат Бектасовтың мәліметінше, Аққайың ауданы Смирнов ауылдық округі мен Ақжар ауданы Құлыкөл ауылдық округінде мамандар қатты тұрмыстық қалдықтарды орналастыруға қатысты экологиялық заңнама талаптарының сақталуын қадағалаған. Нәтижесінде, заң бұзушылық анықталыпты.
«Смирнов ауылдық округінде экология талаптарының бірнеше мәрте бұзылғандығы анықталды. Яғни, қалдықтарды жинау және көму кезінде санитариялық-эпидемиологиялық және экологиялық талаптар бұзылған. Мемлекеттік экологиялық сараптаманы міндетті жүргізу туралы ҚР заңнамасының талаптары орындалмаған. Қалдықтарды экологиялық рұқсатсыз үйіп-орналастыруға жол берілген. Осыған байланысты Смирнов ауылдық округінің әкіміне ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 324-бабының 1-бөлігі, 332-бабының 1-бөлігі бойынша жалпы сомасы 198 375 теңге айыппұл салынды», — деді Азамат Бектасов.
Сондай-ақ ҚР ӘҚБтК-нің 328-бабының 4-бөлігі «Қоршаған ортаға жол берілетін антропогендік әсер ету нормативтерін бұзу» бойынша Аққайың аудандық сотының қаулысымен ауылдық округ әкімі аппаратына 700 АЕК — 2 383 500 теңге мөлшерінде айыппұл салынды.
«Ақжар ауданы Құлыкөл ауылдық округі аумағында қалдықтар орны пайда болған. Осы заң бұзушылық үшін округ әкіміне 25 875 теңге айыппұл салынды. Сондай-ақ олқылықты жоюға нұсқама берілді», — деді СҚО бойынша экология департаментінің басшысы Азамат Бектасов.
Тағы оқыңыз:Петропавлда эротикалық массаж жасаумен айналысқан қыздар ұсталды