4000-нан астам солтүстікқазақстандықтың көлік салығы бойынша берешегі бар. Жалпы сома — 245 млн теңгені құрайды, деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі.
Мемлекеттік кірістер департаменті мен өзге де құзырлы мекемелердің қызметкерлері бірлесіп рейдтер өткізіп жатыр. Мақсаты – мерзімі биыл сәуір айында аяқталған көлік салығын төлемегендерді анықтау. Көлік құралын иеленудің нақты кезеңі көлік сатып алынған айдың 1-ші күнінен бастап және оны сатқанға дейін есептеледі. Егер төлемеген салығы 1 АЕК-тен асып кетсе, борышкердің ісі сот орындаушысына жіберіледі. Сондай-ақ қарыз сомасы қырық еселенген айлық есептік көрсеткішке тең болса немесе одан асса, борышкерге елден шығуға тыйым салынуы мүмкін.
«2023 жылдың қыркүйек-қараша айлары аралығында 8,5 миллион теңгеден салық берешегі өндіріліп алынды. Қалған борышкерлер де қарызын өтеулері керек. Салық берешегінің бар-жоқтығы туралы ақпаратты Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің www.kgd.gov.kz ресми сайтының «электрондық қызметтер» бөлімінде анықтауға болады», — дейді Петропавл қаласының өндірістік емес төлемдер бөлімінің жетекшісі Юрий Белокопытов.
Тағы оқыңыз: Уәлиханов ауданында қыста жолдарды қардан тазартуға шаруа қожалықтары көмектеседі