Қызылша ауруына шалдыққандардың саны артуда. Сондықтан елімізде балаларды қосымша вакцинациялау жоспарланып отыр, деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі.
Қызылша ауруына шалдыққан қазақстандықтардың дені вакцина алмаған. Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Айжан Есмагамбетова мәлім етті. Жыл басынан бері 11 057 дерек тіркеліпті. Оның ішінде қызылша жұқтырғандар 83%-ы 14 жасқа дейінгі балалар, 2,7% жасөспірімдер және 13,8% ересек. Қызылша ауруы барлық өңірде анықталған.
«Бұл ретте, 60%-да балалар егуден бас тартуға байланысты, 18,3%-да – медициналық қарсы көрсетілім бойынша, 21%-да егу жасына жетпеуіне байланысты егілмеген. Аурудың алдын алудың бірден-бір шарасы вакцинация болып табылатынын ескере отырып, қызылшаның одан әрі таралуын болдырмау үшін балаларды 6 айдан бастап, сондай-ақ 2 жастан 5 жасқа дейінгі балаларды және медицина қызметкерлерін қосымша вакцинациялауды енгізу жоспарланып отыр», — дейді ол.
Тағы оқыңыз: Петропавлда жасөспірім сауда орталығында бомба қойылды деп жалған хабар таратқан