Солтүстік Қазақстан облысында жаз бойы сиыр сауып, сүт тапсырған 14 ауылдың тұрғындары ақысын ала алмай жүр. Көпшіліктің айтуынша «Экомол» серіктестігінің берешегі 150 млн теңгеден асып кеткен, деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшсі Ұлттық арнаға сілтеме жасап.
Покровка ауылында 300-ден астам шаңырақ түтін түтетіп отыр. Халықтың негізгі табыс көзі – мал. Көпшілік маусым айынан бері маңдай термен тапқан ақшасын даулаумен келеді. Солардың бірі Пернебек Қожамұратов. Бірер жыл бұрын үйін кепілге қойып, несие рәсімдеп, сауын сиырлар сатып алған. Банк алдындағы берешегін өтеу қиындап бара жатқанын айтады. Әлі күнге малға жем-шөп ала алмай отыр.
«Басты проблема – малдың азығы. 2 млн зият керек қой. 20 тоннаға жуық жем аламын, ол маған жазға дейін жетуі керек. Ерте көктемде далада бәрібір шөп болмайды, оған жем бермесең, тағы болмайды»- дейді Пернебек Қожамұратов
Ауылда 8 табын қара мал бар. Тұрғындардың басым көпшілігі сүтті ауыл шаруашылығы кооперативіне тапсырады. Жергілікті кәсіпкер шикізатты облыс орталығындағы «Экомол» серіктестініге жеткізеді.
«3 млн-ға шот-фактура қойсақ, соның 20 пайызын береді, 10 пайызын береді. Қазіргі кезде 50 мен 60 млн-ның арасында қарыз болып кетті. Кісілер қатты қиналып кетті. Сүттің ақшасын бізден сұрайды, біз олардан сұраймыз. Күнде ертең дейді» — деп отыр кәсіпкер Нұрхан Бакеев.
Сол «ертең» 4 айдан бері жалғасып келеді. Сүт зауытының басшылығы дайын өнімді өткізе алмай отыр екен. Айтуынша 100 тонна өнімді қайда жіберерін білмей отыр.
«Ресейден арзан, сапасы төмен сүт өнімдері келіп жатыр. Біз бәсекеге төтеп бере алмай қалдық. Қарыз жиналып қалғанын мойындаймын. Тауарды өткізген сәтте берешекті қайтарамын. Бірақ нақты қай күні екенін айта алмаймын» — деп жауап берді сүт зауыты директорының орынбасары Бахыт Рашитов
Серіктестік өндіріс көлемін екі есе азайтуға мәжбүр болған. Ал ауыл тұрғындары қарыз жуық арада қайтарылмаса, қорадағы бар малды ет комбинаттарына өткізуге мәжбүр боламыз дейді.
Тағы оқыңыз:Петропавлда өртке қарсы бейнемониторинг жүйесі іске қосылды