«Горгаз-сервис» ЖШС газ бағасының төмендеуіне байланысты сотқа жүгінді. Бұл туралы Солтүстік Қазақстан облысы табиғи монополияларды реттеу департаментінің өкілдері хабарлады, деп жазды Qazaqstan Media тілшісі.
Ведомствоның мәліметінше, газбен жабдықтаушы ұйым топтық резервуарлық қондырғылар арқылы сұйытылған мұнай газын бөлшек саудада өткізудің шекті бағасының алдағы уақытта көтерілуі туралы хабарлаған. Ұсынылған ақпаратта баға жобасы текше метр үшін 677,27 теңгені құрады, бұл бұрын қолданыста болған шекті бағадан 136,87 теңгеге немесе 25% — ға жоғары.
«Қарау қорытындысы бойынша департамент «Горгаз-сервис» ЖШС-нің жобаланатын бағасын баға белгілеу тәртібіне сәйкес негізделген шекті баға деңгейіне дейін төмендетті және ҚҚС есептемегенде 517,45 теңге/м3 мөлшерінде шекті бағаны анықтады. Бұл бұрын қолданыста болған шекті бағамен салыстырғанда 23 теңгеге төмен. «Горгаз-сервис» ЖШС шекті бағасының құрылымында 91 млн теңге мөлшерінде амортизациялық аударымдар қаражатын мақсатсыз пайдалану ескерілді, нәтижесінде бағаның төмендеуіне әкелді», — деп хабарлады департамент өкілдері.
Монополист уәкілетті органмен келіспей отыр. Кәсіпорын мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотқа департаменттің шешімін заңсыз деп тану туралы талап арыз берді. Сот процестері жүріп жатыр.
Тағы оқыңыз: Оқушыларды мектептке қабылдау ережесі өзгереді