Уәлиханов ауданының құрылғанына 95 жыл

Биыл Уәлиханов ауданының құрылғанына 95 жыл толып отыр. Мерейтойға орай аудан тұрғындары мен қонақтары үшін ауқымды мерекелік шаралар ұйымдастырылды, деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі.

Ауданның мерейтойына арналған іс-шаралардың бастауы – тарихи-тағылымдық конференция болды. Оған аудан әкімі Қайрат Пішенбаев және аталмыш елде туып-өскен еліміз бен әлемге танылған азаматтар қатысты. Олардың қатарында әдебиеттанушы-филолог, профессор Серік Негимов, тарих ғылымдарының докторы, академик Саттар Мәжитов,  еліміздің Құрметті судьясы Мейрам Ғибаділов бар.

 

Ресеймен шекаралас орналасқан Уәлиханов ауданы Павлодар және Ақмола облыстарымен де шектесіп жатыр. Қазақы дәстүрді берік ұстанған елде тау тұлғалар дүниеге келген. Оның ішінде әдебиет пен мәдениет саласының көрнекті азаматтары да, ғылым мен білімді дамытуға үлес қосқан жандар да бар. Олардың қатарына алғашқы абайтанушы, жазушы Зейнелғабиден Әмреұлы, көрнекті ақын-демократ Сұлтанмахмұт Торайғырұлы, Алаштың ардагері Смағұл Сәдуақасов кіреді. Бұл ретте әлемдік опера жұлдызы Қайыржан Жолдыбаевты атап өтпей кету мүмкін емес.
Сонымен қатар өткен ғасырдың 40-шы жылдары болған сұрапыл соғыста ауданның 12 азаматы «Кеңес Одағының Батыры» атағына ие болған. Бүгінгі таңда аудан 11 ауылдық округтен, 27 елді-мекеннен тұрады. Облыстың дамуына өзіндік үлес қосып келе жатқан ауданның әлеуметтік-экономикалық жағдайы тұрақты. Халқы еңбекқор. Мал мен егін шаруашылығын тең дамытып келеді. Аудан әкімдігі тарапынан да атқарылған істер аз емес.

«Бүгінгі таңда ауданда 7 млрд теңгенің жобалары жүзеге асырылып жатыр. Аудан орталығында емхана, жүзу бассейіні, жабық мұз айдыны салынуда және орталық алаң мен стадионды жаңарту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Облыстық, аудандық маңызы бар жолдар да жөнделуде. 2 ауылдық округте 3 сүт-тауарлы ферманың құрылысы басталған. Оның құны 11 млрд теңге. Ауылдарды абаттандыру жұмыстары қарқын алған. Ауданымыз күн санап көркейіп келеді. Бұл бағыттағы жұмыстар бір сәтке де тоқтамайды», -деді өз сөзінде аудан әкімі Қайрат Пішенбаев.

Кейін «Туған жер – ата-бабадан қалған ұлы мирас» атты конференцияға қатысушылар аудан шеберлері мен мектеп оқушыларының қолынан шыққан туындыларға толы көрмені тамашалады.

«Көрмеге біздің балалардың жұмыстары қойылған. Олар еңбек пәні мұғалімдерімен бірлесе гүлдерден сағат істеп әкелді. Оған қоса, арт студияның суретшілері де туындыларын әкелген. Ал қазақ тілі пәнінің мұғалімдері болса ауданның мерейтойына орай​ төрт жол өлең шығарған болатын. Соны телефон қоятын тақтайшаға лазермен қырып жаздық. Жүннен, шайдан, қанттан жасалған картиналар да бар. Жалпы мұндай мерейтойда ұйымдастырылатын көрмелер ұлттық құндылықты сақтауға, оның мәртебесін көтеруге бағытталады», – деген ойда №2 Кішкенекөл орта мектеп-интернаты директорының орынбасары Руслан Қайыргелдинов.

Тағы оқыңыз: СҚО-да 30 мыңнан астам оқушы тегін тамақпен қамтылды

Please follow and like us:
Subscribe
Notify of
guest
0 комментариев
Inline Feedbacks
View all comments
0
Would love your thoughts, please comment.x
()
x