Петропавлда 9-10 қыркүйек күндері су болмайды. Облыс орталығын сумен қамтитын «Қызылжар су» ЖШС осы аралықта сумен жабдықтау желіcін дезинфекциялау және жуып-шаю жұмыстарын жүргізеді, деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі.
Су құбыры желілерін жуып-шаю, зарарсыздандыру жұмыстары жылда жүргізіледі. Өйткені Есіл өзенінде жазда су температурасы көтеріліп, микробиологиялық көрсеткіштер өседі, салдарынан судың сапасы нашарлайды. Сондықтан тазартуды қажет етеді. Дезинфекция кезінде құбырдан немесе сырттағы су құдығынан суды алып пайдалануға және тамақ әзірлеуге тыйым салынады. Мамандардың айтуынша, су берілгеннен кейін де оны бірден пайдаланбаған дұрыс. Өйткені хлордың иісі бірден кете қоймайды.
«Судың сапасын бақылау үшін кәсіпорын қызметкерлері күнделікті қаланың әр ауданынан 15 сынама алады. Тазарту жұмыстары жүргізілген кезеңде біз бақылауды күшейтеміз. Қаланың барлық аудандарынан сынама алып, судың қаншалықты тазарғанын көреміз. Хлор қосылғаннан кейін оның су құбырындағы қосындысын тексереміз. Осылайша су берілген кезде оның тиісті деңгейге дейін тазарғанын қадағалаймыз», — дейді «Қызылжар су» ЖШС атқарушы директоры Арман Саутов.
Тағы оқыңыз: Орталық сайлау комиссиясы АЭС салуға қатысты референдумға дайын