Солтүстікқазақстандық диқандар егін жинауға кірісіп кетті. Биыл шаруалар алдында 4,5 млн гектар жерге егілген өнімді суыққа ұрындырмай, шашау шығармай жинау міндеті тұр. Мұны Тайынша ауданында дәстүрлі дала күнінде бас қосқан өңір аграрийлері де талқылады, деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі.
Жыл сайын ұйымдастырылатын дәстүрлі шара биыл облысымыз бен көршілес өңірлерден келген 300-ден астам шаруаның басын қосты. Олар ең алдымен Тайынша ауданындағы «Регион Север» ЖШС алқаптарын аралады. Кейін аймағымыздағы іргелі шаруашылықтардың бірі – «Астық Стем» ЖШС келді. Серіктестік егін егумен қатар мал шаруашылығын да дамытып отыр.
«Шаруашылығымызда 600 бас сауын сиыр тағы бір мың қазақтың ақбас тұқымды сиыры бар. Оларды жем-азықпен қамтамасыз ету үшін біздер тың технологияларды қолданып келеміз. Бұл ретте проблема туындаған емес. Соңғы жылдары су мәселесі өткір болып тұр. Сондықтан біздер тамшылатып суару әдісін қолданып жүрміз. Биыл 300 гектар картоп пен сәбіз ектік. Бірақ жаңашылдықтың арқасында біз бір гектардан 40 тонна картоп жинаймыз. Тағы сонша жүгері алдық», — деді «Астық Стем» ЖШС-нің директоры Сергей Звольский.
Бірақ мұндай тың әдісті өңірдегі барлық бірдей шаруашылықтар қолданбайды. Сондықтан жиында сөз алған облыс әкімінің бірінші орынбасары Марат Тасмағанбетов аграрийлерге осыған ерекше көңіл бөлу керектігін айтты.
«Бүгіндері өңірде бар болғаны 5 мың гектар жерге тамшылатып суару әдісі қолданылады. Негізінен осы арқылы біздер картоп және көкөністерді өсіреміз. Бұл әрине аздық етеді. Сондықтан біртіндеп алқап көлемін ұлғайту қажет. Биыл ауа райының қандай болғандығын барлығымыз көрдік. Аптап ыстықтар егіннің шығымдылығына, сапасына әсер етеді. Сол себепті жаңашылдықтарды қолдануға асығу керек. Бүгінгі нарық сіздерден соны талап етіп отыр», — деді жиында сөз алған Марат Тасмағанбетов.
Егінге орақ салған Тайынша ауданының шаруалары жақсы өнім алуды көздеп отыр. Рощинск ауылдық округіндегілер гектар берекелігі 30 центнерді құрайды дейді.
Жалпы биыл өңірдің жер емген диқандары 4,5 млн гектар жерге егін еккен. Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және ішкі нарықты әлеуметтік маңызы бар өнімдермен қанықтыру үшін қарақұмық алқабы 2,5 есе, картоп 1,5 есе ұлғайтылды. Ауыл шаруашылығы дақылдарын әртараптандыру бойынша жұмыс жүргізілді. Жасымық (66-дан 115,3 мың гектарға дейін), күнбағыс (119-дан 131 мың гектарға дейін), қыша (8,7-ден 13 мың гектарға дейін) дақылдары ұлғайтылды.
Құнарлылықты арттыру мақсатында топыраққа 174,5 мың тонна минералды тыңайтқыштар енгізілді. Бұл көрсеткіш бойынша облысымыз көш бастап тұр.
Шара барысында ауыл шаруашылығы техникасының көрмесі де ұйымдастырылды. Машина-трактор паркін жаңартуды көздеген диқандарға бұл таптырмас мүмкіндік болды.
«Ауыл шаруашылығы қызметкерлері үшін мұндай шаралардың маңызы зор. Әсіресе ісін енді бастап жатқан кәсіпкерлер енді қалай және қандай қарқынмен жұмыс істеу керектігін білетін болады. Өзім бүгін тың дүниелерді байқадым. Тамшылатып суару әдісін көрдім. Болашақта өз кәсібімізге бұл технология түрін міндетті түрде қосамыз. Шаруашылығымызда 9000 гектарға жуық жер бар. Мал шаруашылығымен және орман шаруашылығымен айналысамыз. Жүгері де егеміз», — дейді «Қызылжар МСТ Агро» ЖШС директоры Нәби Қабиев.