СҚО-да аудандық білім бөлімінің есепшісі қызметкерлердің жалақысын мекемеде жұмыс істемейтін жандардың шотына аударып отырған. Тағы бірі қаражатты өз қалтасына басқан. Алдын ала есептеу бойынша келтірілген шығын мөлшері 90 млн теңгені құрайды, деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі.
Соңғы жылдары еліміздің білім саласында жемқорлық бойынша 300-ден астам әкімшілік құқық бұзушылық тіркелді. 143 айыпты тұлға сотталды. Қазір жергілікті аудандық білім бөлімінің экс-жетекшісіне қатысты іс қаралып жатыр. Әйел адам 650 мың теңге мөлшерінде пара алып, мемлекеттік аудит қызметкерлерімен бітімге келмек болған. Оларға мемлекеттік бюджеттен ұрланған ақшаны ұсынған көрінеді.
«Ол аздай айыпталушы ауданның жеті мектебінде өрт дабылын жөндеу бойынша орындалмаған жұмысты қабылдап, жеке кәсіпкермен сөз байласқан. Осылайша, 7 млн теңге мөлшерінде шығын келтіріп, бюджеттен ақша жымқырды. Бұрынғы жетекшінің кінәсін сот анықтайды», — деді ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі СҚО бойынша департаментінің басшысы Сергей Перов.
Биыл білім саласында тағы бір үлкен жемқорлық фактісі тіркелді. Аудандық білім бөлімінің есепшісі қызметкерлердің жалақысын «өлі жандардың» атына аударып отырған. Тағы бір есепші қаражатты өзінің қалтасына басып келген. Алдын ала есептеу бойынша келтірілген шығын көлемі 90 млн теңгеге жуықтайды.
«Бүгінгі таңда департамент жалпы сомасы 50 млн теңгеден астам ұрлық фактілері бойынша 2 қылмыстық істі тіркеді. Талдау қорытындысы бойынша барлығы 20 сыбайлас жемқорлық тәуекелі анықталды, оларды жою үшін 34 ұсыным әзірленді. Соның ішінде 16 ұсыным орталық деңгейге енгізілді және 18 ұсыным жергілікті деңгейде орындалатын болады», — деді антикор өкілі.
Тағы оқыңыз: Қазақстанда баспана арзандады