Осы жылдың басынан бері қазақстандықтарға 1 трлн 649 млрд теңге сомасына зейнетақы төленді. Бұл жайында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мәлім етті. Жарияланған ақпаратта орташа зейнетақы мөлшерінің төмендегені де көрсетілген, деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі.
Министрліктің хабарлауынша, республикалық бюджеттен 1 трлн 649 млрд теңге сомасына зейнетақы төленді. Оның ішінде базалық зейнетақы – 506,3 млрд теңге, ынтымақты зейнетақы – 1 трлн 142,7 млрд теңге. 2023 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша зейнеткерлер саны – 2 млн 300 мың адам.
1 шілдедегі жағдай бойынша жиынтық зейнетақының орташа мөлшері 120 641 теңгені құрады, оның ішінде ынтымақты зейнетақы мөлшері – 82 805 теңге, базалық зейнетақы – 37 836 теңге.
2018 жылғы 1 шілдеден бастап мемлекеттік базалық зейнетақы төлемі зейнетақы жүйесіндегі өтілін ескере отырып, әр алушыға жеке тағайындалып келеді.
«Бұл ретте 1998 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша ынтымақты жүйеде жұмыс істеген уақыты, сондай-ақ міндетті зейнетақы жарналары төленген кезеңдер зейнетақы жүйесіндегі еңбек өтіліне қосылады. Егер азаматтың зейнетақы жүйесіндегі өтілі 10 жыл немесе одан аз болса, сондай-ақ мүлде жоқ болса, базалық зейнетақы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 60%-на тең болса, содан кейін 10 жылдан асқан әр жыл үшін оның мөлшері 2 %-ға артады. Ал егер сіздің өтіліңіз 20 жыл болса, базалық зейнетақы төменгі күнкөріс деңгейінің 80 %-ын құрайды. Еңбек өтілі 30 жыл немесе одан көп болса, күнкөріс деңгейінің ең жоғарғы мөлшерінде яғни 100% белгіленеді», — делінген хабарламада.
Тағы оқыңыз: Петропавлда тұрмыстық құқық бұзушылықтың 18 фактісі тіркелді