Астана күні

Астанаға 25 жыл. 1998 жылы Ақмола қаласының атауы Астана болып өзгертілді. Ал, 2006 жылдан бастап Астана күні мереке ретінде аталып келеді. Бұл күнді еліміздің әр өңірі ерекше атап өтеді. Мерекелік концерттер, көрмелер, спорттық шаралар ұйымдастырылады. Бұған қоса, қазақстандықтарға бір күн демалыс беріледі. Еліміздің бас қаласының туған күні Петропавлда да ерекше сән-салтанатымен тойланды. Шаһардың бас алаңында жергілікті өнерпаздардың қатысуымен концерттік шара ұйымдастырылды, деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі.  

Астана күні

Елордамызды Алатаудың бөктерінен Арқа төсіне көшіргелі жиырма жылдан астам уақыт өтіпті.  Тарих үшін 25 жыл қас қағым сәт. Алайда, осындай қысқа мерзімде бас қаламыз сәні мен салтанаты жарасқан, сәулеті талайларды тамсандырған әсем қалаға айналды. 2006 жылдан бастап астанамыздың туған күні мемлекеттік мереке ретінде тойланып келеді. Ширек ғасырда Астананың жеткен жетістіктерін бүгіндері барша жұрт жарыса айтуда. Олардың бірқатарын облыс тұрғындарын елорда күнімен құттықтаған өңір жетекшісі Айдарбек Сапаров та айтып өтті.  

«Биыл бас қаламыздың Астана атанғанына 25 жыл толып отыр. Тарих үшін бұл  аз ғана уақыт. |Соған қарамастан ширек ғасырда Еуразияның қақ ортасында сәулетімен дәулеті жарасқан әсем қала пайда болды. Бүгінде Астана бүкіл халқымыздың мақтанышына айналды. Баршаңызды Астананың 25 жылдық мерейтойымен шын жүректен құттықтаймын. Әсем елордамыз жылдан жылға көркейе берсін. Мереке күні шаңырақтарыңызға амандық, саулық, береке мен бақыт тілеймін», — деді Айдарбек Сапаров.

Бұдан бөлек, облыс әкімі Айдарбек Сапаров бірқатар солтүстікқазақстандыққа марапаттар табыс етті. Солардың қатарында көпбалалы аналар да баршылық. Мәселен, Қызылжар ауданы Чапаев ауылының тұрғыны Меруерт Төленова 7 баланың анасы. Үлкен қызы 11-де болса, кенже ұлына 3-ақ айда. 32 жастағы келіншек жолдасы екеуі осыдан 13 жыл бұрын Солтүстік Қазақстанға еліміздің оңтүстігінен көшіп келген. Отағасы мектепте математика пәнінің мұғалімі болып жұмыс істесе, Меруерт бала тәрбиесімен айналысады. Елорданың туған күнінде ол «Күміс алқа» тағынды.

Астана күні

«Мерекеде «Күміс алқа» алып жатқынма қуаныштымын. Ең батысы еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын. Әр әйелге осындай бақыт бұйырсын деп тілеймін. Бала-шағамыз аман болсын», — дейді көпбалалы ана.

Ал, Николай Косинов болса Жамбыл ауданының Преснов орман шаруашылығында орманшы болып еңбек етеді. Жұмыс өтілі 20 жыл. Бұл салаға келгеніне еш өкінбейді. Маман 1 мың гектарға жуық орман алқабын күзетеді. Николай бүгін облыс әкімінің алғыс хатымен марапатталды.

Астана күні

«Қазіргі таңда орманшыларға көп көмек қажет. Соның бірі техникамен қамтамасыз ету. Орман шаруашылықтарын арнай көліктермен және өрт сөндіру техникасымен қамтамасыз ету қажет. Бүгінгі күні облыс әкімінен осындай марапат алып жатқаныма өте қуаныштымын», — дейді Николай Косинов.  

Ал, Петропавлдың орталық алаңында «Асқақтаған елордам-Астанам» атты мерекелік концерт өтті. Сондай-ақ, бұл жерде тоғызқұмалақ, асық ату, арқан тарту сынды ұлттық спорт түрлерінен жарыстар ұйымдастырылды.

Астана күні

Мерекеге орай облыс орталығында шілденің 5-і мен 9-ы аралығында «Qyzyljar MUSIC FEST-2023» халықаралық фестивалі өтіп жатыр. 200-ден астам өнерпаздың, соның ішінде шетелдік әртістердің басын қосқан шараның алғашқы күні этно-фольклорлық музыкаға арналды. Өнерпаздар көрермен назарына халық әндерін, фольклорлық шығармаларды ұсынды. Мерекелік іс-шарада «Әлқисса», «Улгер» фольклорлық ансамблдері, «Тұран», «Бабалар сазы» «Күлтегін», «Барқытбел», сынды этно-фольклорлық ансамбльдер өнер көрсетті. Соңғы ұжым Шығыс Қазақстан облысының Тарбағатай ауданынан келген. Ансамбль қазақтың ең көне аспаптарын қайта жандандырып жүр. Фестивальге сыбызғы, шертпе күйлерін дайындап келген.

«Барқытбел» ансамблі осы үлкен халықаралық шараға үлкен дайындықпен келді. Сондықтан концерттік бағдарламамызда Алтай-Тарбағатайдың сыбызғы, шертпе күйі бар. көрерменге ұнайды деп ойлаймыз. Ансамбль 2014 жылы құрылған. Қазақтың ең көне шыңқобыз, қылқобыз, шертер, шаңқобыз сияқты аспапатары бар, — дейді ШҚО-нан келген Шәкен Көпшікбаева.

Тағы оқыңыз: Астананың 25 жылдық мерейтойына арналған концерт өтті

Please follow and like us:
Subscribe
Notify of
guest
0 комментариев
Oldest
Newest Most Voted
Inline Feedbacks
View all comments
0
Would love your thoughts, please comment.x
()
x