Биыл Солтүстік Қазақстан облысында есірткі өткізді деген күдікпен 49 адам ұсталды, деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі.
Жаз мезгілі келе сала оқушылар мен студенттердің бірсыпырасы үйде құр отырмау үшін қосымша жұмыс іздей бастайды. Осы ретте барынша сақ болған жөн. Өйткені, есірткі қылмысымен айналысатындар өздеріне жеткізуші іздейді. Мұндай хабарландыруларды әлеуметтік желілерден көруге болады. Ал ұл-қыздар болса, жеңіл табысқа қызығып, заңбұзушылыққа қалай барғандарын түсінбей де қалулары мүмкін. Сол үшін полицейлер студенттік жатақханаларда рейдтік іс-шара өткізді. Оларға бұл істің арты неге әкелетіні әрі қаншалықты қауіпті екендігі түсіндірілді.
«Жыл басынан бері облысымызда есірткі өткізгені үшін 25 жасқа дейінгі 13 адам сотталды. Әдетте бұндай адамдарды сот 10-12 жылға бас бостандығынан айырады. Бірақ өңірде 14 жылға сотталғандар да бар. Интернет кеңістігінде «тауар жеткізушілерді» жұмысқа алу туралы күмәнді хабарландыруларды көрсеңіз, дереу полицияға хабарлаған жөн. Біз оларды бұғаттап, тиісті шаралар қабылдаймыз. Жыл басынан СҚО-да есірткі өткізді деген күдікпен 49 адам ұсталды», – дейді СҚО ПД есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Иван Терзиди.
Тағы оқыңыз: Тайынша ауданында 2 мектеп салынып жатыр