СҚО-да үш жыл бұрын ашылған «CLAAS» зауытында 700-ден астам ауыл шаруашылығы техникасы құрастырылған. Оларды өңірге жұмыс сапарымен келген «CLAAS» компаниясының өкілдері көріп қайтты, деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі.
«CLAAS» компаниясы бір ғасырдан аса уақыт бойы ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерді сапалы әрі заманауи техникамен қамтамасыз етіп келеді. Ал, 2021-ші жылы Петропавл қаласында зауыт ашылып, инновациялық өнімділігі жоғары техника жергілікті диқандар үшін де қолжетімді бола бастады. Жобаны іске асыруға ел қазынасынан 4 млрд теңгеден астам қаражат жұмсалды. 3 жыл ішінде зауытта 54 млрд теңгеге 700-ден астам түрлі техника жиналды.
«Бүгінгі күні «CLAAS» компаниясының 1 мыңнан аса комбайны облыс алқаптарында жүр. Ал, алғашқы доминатор маркілі көлігінің алтауы 1992-ші жылы сатып алынды. «Қызылжар» АЭА-да ашылған зауыттың арқасында солтүстікқазақстандық аграрийлер техниканы 30% арзанға алып жатыр. Дегенмен, бұл жеткіліксіз. Әсіресе, ұсақ және орта шаруашылықтар үшін», — деді өңір жетекшісі Айдарбек Сапаров.
Кездесу соңында неміс делегациясы облыс әкімін ынтымақтастықты нығайту үшін Германиядағы ауыл шаруашылығы көрмесіне қатысуға шақырды.
Тағы оқыңыз: СҚО-да 3 күнде 7 жасөсіпрім есепке алынды