Өңір шаруалары көктемгі дала жұмыстарын оңтайлы мерзімде аяқтады. Бұл туралы Үкімет отырысында облыс әкімі Айдарбек Сапаров баяндады, деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі.
Үкімет отырысында сөз сөйлеген Айдарбек Сапаров өңірдегі ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс алқабы биыл 4,5 млн гектарды құрағанын атап өтті. Соның 3 миллионнына дәнді дақыл, 960 мың гектарға майлы, 355 мыңға жемшөп егілді. 2023 жылы айналымға қосымша 90 мың гектар тартылды. Әртараптандыру аясында жасымықтың егістік алқаптары 100 мыңға дейін, күнбағыс 125 мың гектарға, қыша 12 мың гектарға дейін ұлғайды.
«Ішкі нарықты әлеуметтік маңызы бар өнімдермен молықтыру үшін қарақұмықтың алқабы 3 есеге, картоп, сәбіз және қырыққабат алқаптары 2 есеге ұлғайтылды. Бұл шаралар өңірдің қажеттілігін толығымен жабуға мүмкіндік береді. Көктемгі дала жұмыстарын уақытылы аяқтау үшін 74 мың тоннаға жуық арзандатылған дизель отыны бөлінді. Егіс науқанына 15 мыңнан астам техника жұмылдырылды. Жыл басынан бері өңір аграрийлері қосымша 21 млрд теңге сомасына 1100-ге жуық техника мен жабдық сатып алды. Агротехникалық шараларды жақсарту шеңберінде биыл 180 мың тонна минералды тыңайтқыш алынды. Бұл ауыл шаруашылығы өнімдерінің шығымдылығын 3-5 центнерге өсіруге мүмкіндік береді. Егіс науқаны қолайлы агротехникалық мерзімде өткізілді. Бүгінде егін алқаптарында шаруашылықтар химиялық өңдеуге кірісе бастады», — деді Үкімет отырысында СҚО әкімі Айдарбек Сапаров.
Жалпы, биыл ел бойынша егіс алқабы 23,4 млн гектарды құрады. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 69 мың гектарға артық.
Тағы оқыңыз: Петропавлда 1,5 шақырым жылу магистралі жаңартылып жатыр