Соңғы уақытта Ғ. Мүсірепов ауданында тұрғын үй құрылысы қарқын алған. Бүгіндері Новоишим ауылында «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында 5 қабатты баспана тұрғызылып жатыр. Мұндағы пәтерлер кезекте тұрған азаматтарға берілмек, деп хабаралйды Qazaqstan Media тілшісі.
Новоишим ауылындағы 5 қабатты үйдің құрылысы 2022 жылдың тамызында басталды. Оған облыстық бюджеттен 792 млн 200 мың теңге бөлінген. Құрылысқа «ПМК-5» ЖШС-і жауапты. Қазір алаңда 35 адам мен 4 техника жұмыс істеп жатыр.
«Тұрғын үй «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында салынып жатыр. Бүгіндері шаруа 70 пайызға тындырылған. Жоспар бойынша нысанды қыркүйек айында тапсыру керек. Жұмысты уақытылы аяқтаймыз деген ойдамын», — дейді «ПМК-5» ЖШС учаске басшысы Марат Қылқабаев.
Былтыр тамыз айында ПМК-5» ЖШС дәл осындай 5 қабатты тұрғын үйді қолданысқа берген болатын. Ал, 2022 жылы қазан айында баспана кезегінде тұрғандар арасында алғашқы байқау өткізіліп, 31 пәтерді «Отбасы банкінің» салымшылары сатып алды. Мемлекеттік бағдарлама аясында берілген пәтерлердің орташа бағасы 11 млн теңгені құрайды. Қазіргі таңда қалған 19 пәтердің иесін анықтау үшін байқау жарияланған.
«Биыл маусым және шілде айларында байқаудың қорытындысы шығарылады. Сөйтіп тағы 19 отбасы қоныс тойын тойлайтын болады. Бұл үйдің құрылысына облыстық бюджетінен 567 миллион 801 мың теңге бөлінді. Жалпы, тұрғындар тарапынан пәтерлерге деген сұраныс өте жоғары», — дейді аудандық ТҮКШ бөлімінің бас маманы Аида Жүсіпова.
Тағы оқыңыз: Президент қағаз өнімдерін шығаратын фабрикаға барды