Өткен жедел кеңестің бірінде аймақ басшысы Айдарбек Сапаров Петропавлдағы және облыс аудандарындағы абаттандыру жұмыстарына жауапты жергілікті атқарушы органдардың жұмысын сынға алды. Өңір жетекшісі 20 сәуірге дейін барлық елді мекендерді қоқыстан тазартып, тәртіпке келтіруді тапсырды. Сондықтан бүгіндері шаһарда шаруа қызған. Қала көшелері мен аялдамалар тазартылып, жол жиектері әктеліп жатыр, деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі.
Абаттандыру жұмыстары аясында қираған мәдени ескерткіштер, сынған аялдамалар, облыс орталығы мен аудан көшелерінен шығарылмаған қоқыс жәшіктері мен шөбі өсіп кеткен спорт алаңдары тазартылуда. Бұдан бөлек, еріктілер шаң басып, әбден кірлеген қаладағы 231 аялдаманы жуып жатыр.
«Жалпы, абаттандыру жұмыстарына 90-ға жуық адам және 31 бірлік техника жұмылдырылды. Қала көшелеріндегі жол жиегі 114 шақырымды құрайды. Соның 83-і бетон, 31-і гранит тас. Қазіргі таңда, оларды әктеу, сырлау бойынша жұмыстар іске асырылуда»,-дейді Петропавл қаласы әкімдігінің ТКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің баспасөз хатшысы Жанель Бейсембаева.
Тағы оқыңыз:Петропавлда «Таза бейсенбі» акциясы өтті