Солтүстікқазақстандық ақсақалдар ішкі және сыртқы жарнамалардың ережелерін бекіту үшін облыстық мәслихат депутаттарына хат жолдады. Аға буын өкілдері «Алтын Арман» базырың жанындағы «Ёбидоёби» қоғамдық тамақтану орнының атауына наразылықтарын білдіруде, деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі.
Жуырда «Алтын Арман» базарының жанында «Ёбидоёби» деген атаумен жаңа қоғамдық тамақтану орны ашылды. Жазу үлкен әріптермен жазылғандықтан, алыстан-ақ көзге түседі. Өңірдің аға буын өкілдері мағынасы түсіниксіз, құлаққа түрпідей тиетін атауды ауыстыруды сұрайды. Сол үшін 25 ақсақал прокуратураға, қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөліміне және облыстық мәслихат депутатына хат жолдады.
«Бұл не масқара! Қазір орыстар түгіл, қазақтардың да ол ашу-ызасын туғызып отыр. Біз өзімізше зерттеу жүргізіп көрсек, ол Ресейдің Красноярск қаласында, Дмитрий Прадед пен Константин Замин дегендер ашқан сауда ұйымы болып шықты. Бұл сөздің жапонша мағынасы «апта күні – сенбі» деп түсіндірген. Сонда Қазақстанға Жапонияның не қатысы бар?», — дейді ақсақалдар.
Қариялар облыстық мәслихат депутатына жолдаған хаттарында Қасым-Жомарт Тоқаевтың ҚР Парламенті палаталарының бірлескен отырысында сөйлеген сөзін еске салды. Онда Мемлекет басшысы: «Бізге орасан зор жауапкершілік жүктелген. Бұл – өткен тарихтың және болашақтың алдындағы жауапкершілік. Келер ұрпақтың қандай мемлекетте өмір сүретіні біздің бүгінгі шешімдерімізге тікелей байланысты», — деген еді. Осы ретте ақсақалдар мән-мағынасы беймәлім атау жастар санасын улайды деген қауіпте. Сондықтан, облыстық мәслихат депутатымен өңірдегі ішкі және сыртқы жарнамалардың ережелері бекітілгенін қалайды. Бұл мәселені мәслихат отырысында қарастырып, жарнамалық белгіні жою жөнінде шаралардың қабылдағанын сұрап отыр.
Тағы оқыңыз: Петропавлда бөгетті нығайту жұмыстары жүріп жатыр