2021-ші жылдың желтоқсан айында Киров зауытының аумағында орналасқан көне мұсылман мешітін қалпына келтіру жұмыстары қолға алынған еді. Бүгінгі күні мұндағы құрылыс жұмыстары толығымен аяқталды. Ислам мәдениетінен сыр шертетін нысанға Qazastan Media тілшісі барып қайтты.
19-шы ғасырда Петропавлда 9 мұсылман мешіті болған. Соның 6-ы тастан, 3-уі ағаштан салынған. Мәселен, дәл қазір біз тұрған мына ғимарат кезінде Давлеткильдеев деген көпестің бастамасымен салынған екен. Бұдан бөлек, халық арасында «Ташкент», «Сартов» мешіті деп те аталып кеткен. Қазіргі таңда бұл жерде қайта қалпына келтіру жұмыстары толығымен аяқталды. Жақында мұнда музей ашылады деп жоспарланған.
«Архив-2025» бағдарламасының аясында Киров зауытының аумағында орналасқан мешіттің тарихына байланысты құжаттар 5 жылға жуық уақыт бойы Ресейден жинастырылған. Тарихи деректерге сүйенсек, 1795-ші жылы Петропавлда алғаш рет тастан мешіт салыныпты. Өкінішке орай, 1849-шы жылы қатты өрт болып, ағаштан салынған мешіттерге үлкен зақым келген. Салдарынан тұрғындардың құлшылық жасап, намаз оқитын арнайы орындары азайған. Жерлестеріміз болса сол кезде билік басында болған азаматтардан жаңадан ғимарат салып беруді сұраған.
«1847-ші жылы мұсылман мешіттерін салу жөнінде типтік жоба қабылданды. Ал Батыс-Сібір генерал-губернаторының және халықтың сұрауы бойынша сол типтік жобадан кетіп, басқа өзіміздің ұсынысымыз бар деп осы мешіттің жобасын жергілікті тұрғындар жасап шықты. Осылайша, 1855-ші жылы құрылысқа рұқсат беріледі. Жұмыс 1857-ші жылы қолға алынады. Оны іске асыру үшін 10 мың рубльді жергілікті кәсіпкерлер бөлген. Кейін 1870-ші жылы ғимараттың жанынан медресе салынады. Оның қаржысын Давлеткильдеев деген көпес өз мойнына алады», -дейді Солтүстік Қазақстан Мемлекеттік архивінің директоры Сәуле Мәлікова.
Өкінішке орай, 1930-шы жылы мешіттер жабылып, олар пионер клубтарына, ойын-сауық орталықтарына айналады. Алайда, 1942-ші жылы Киров зауыты бұл ғимаратты қаз қалпында сақтап, қоймаға жасақтайды. Ал көне мешітті қалпына келтіру жұмыстары 2021-ші жылдың желтоқсан айында басталды. Мердігер компания — «Благоустройство-Север» ЖШС. Көне ғимараттың бұрынғы кейпін қайта келтіру үшін жергілкті бюджеттен 580 млн теңге бөлінді.
«Ғимараттың бастапқы кейпін сақтап қалу басты міндетіміз. Бұл мешіттің ерекшелігі 165 жыл бұрын салынса да, мұнарасы сол қалпы сақталған. Құрылыс жұмыстарын іске асыру барысында мінбер, намаз оқу залын және басқа да бөлмелерді қайта қалпына келтіреміз. Бірақ кейін мәдениет басқармасына тапсырылып, бұл жерде ислам мәдениетінің музейі болмақ», -дейді жоба авторы, ҚР суретшілер одағының мүшесі Болат Әсербеков.
Қазіргі уақытта қайта қалпына келтіру жұмыстары толығымен аяқаталды. Енді облыстық құрылыс басқармасы нысанды мәдениет басқармасының балансына тапсыру бойынша жұмыстарды іске асырып жатыр.
Тағы оқыңыз:Мектептегі оқу бағдарламасы өзгереді