№ 50-ші түзету мекемесінде осыдан 5 жыл бұрын ашылған жылыжайға биыл да көкөніс егілді. Бұл жерде еңбектенетін 6 жазасын өтеуші бір жылдан бері жануарларға қажет жемшөпті гидропоника әдісімен өсіріп жатыр, деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі.
Гидропоника дегеніміз – өсімдіктерді топырақсыз, қоректендіргіш ортада өсіру. Мұны ғарыштық технология десек те болады. Яғни, инновациялық тың жоба. Мәселен, №50-ші түзету мекемесінде өсірілетін жем-азық осы жерде орналасқан фермадағы қояндарға азық ретінде беріледі. Бүгінгі күні мұнда 20 жануар бар.
Олеся Русак түзету мекемесіне түспей тұрып көптеген мамандықты меңгерген. Сол себепті жылыжай іске қосылатынын естіп, бірден осы жерге жұмысқа орналасқан. 5 жыл қияр, қызанақ және болгар бұрышын еккен. Ал былтыр тәжірибе ретінде гидропоника әдісімен бидайдан жем-шөп өсіре бастады. Қазіргі таңда келіншек бостандыққа шықты. Соған қарамастан, темір тордың ар жағында орналасқан жеке кәсіпкерде еңбек етіп келеді.
«Бостандыққа шықсам да, осы жерде еңбек еткен өзіме қатты ұнайды. Оның үстіне көкөніс егіп, жануарларды күтіп-баптағанды жақсы көремін. Жалпы, гидропоника әдісімен өсірілетін жем-азықтың құрамында 16 түрлі дәрумен бар. Сол себепті жануарлар оны сүйсініп жейді. Біздің фермадағы қояндарды бұл шөппен күніне 2 рет азықтандырамыз», -дейді Олеся Русак.
Жылыжайда жұмыс істейтін келіншектер мұндай жемшөпті өсіру үшін бидайды қолданады. Ең алдымен дәнді дақылды сумен жуып, әктасқа салып тағы да бір рет сумен жуады. Кейін шағын ыдысқа салып, жаяды. 2 тәулік бойы 18 градус жылы әрі қараңғы бөлмеде ұстау қажет. Одан кейін тамырлары жайыла бастағанда қорапты 20,25 градус жылы әрі жарық жерде ұстау қажет. Өсімдік жақсы өсуі үшін ауа буланған болуы тиіс.
«Қорапты үнемі тексеріп отырған жөн. Яғни, бидай құрғап, кеуіп қалмауы керек. Дымқыл болғаны дұрыс. Кейін 5 күн ішінде 8-9 см-ге дейін өседі. Жалпы бидаймен қоса біз тәжірибе ретінде сұлы, бұршақ, жүгері және күнбағыс дәндерін қолдандық. Егер салыстыратын болсақ жүгеріден жем-шөп өсіру әлдеқайда қиын. Соған қарамастан болашақта бұл бағытта да жұмыс істесек деген ой бар», -дейді Олеся Русак.
Бидайдың 1,5 келісінен 5 күнде 6 кг жем-шөп дайындалады. Бұл жем-азық түзету мекемесіндегі фермаға жөнелтіледі. Бұдан бөлек, балапан басатын инкубаторлар да сатып алынды.
Тағы оқыңыз: Петропавлда тұрғын үйді жалға алу тағы да қымбаттады