Өңір жетекшісі Айдарбек Сапаров «Qyzyljar» ФК-ның ұжымымен кездесті. Бапкерлік штаб және аяқдопшылармен жүздесу барысында «Жастар» стадионындағы манежбен «Қарасай» орталық стадионында басталған жөндеу жұмыстары жайлы айтылды, деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі.
Кездесу барысында облыс әкімі аталған спорт түрінің дамуына жақсы көңіл бөлініп жатқанын атап өтті. Соның арқасында жергілікті команда турнирлік кестеде бірінші орында келеді.
«Мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдау мығым. Сіздер тек қана жақсы ойын көрсету керек. Бірінші орынға шығуға тырысу қажет. Мен соны сіздерден сұраймын. Ол үшін күш қуаттарыңыз бар. Көңіл-күйлеріңіз көтеріңкі. Алла жазса бәрі жақсы болады деп ойлаймыз»,-деді СҚО әкімі Айдарбек Сапаров.
Клуб директоры қол астындағыларға ішкі біріншіліктегі жеңісті ойынды жалағастырып, чемпионат соңында жақсы нәтижеге қол жеткізу керектігін ескертті. Сондай-ақ, бүгін яғни, сәуірдің 8-і өтетін матчта да жеңіске жетіп жанкүйерлерді қуанту үшін қолымыздан келгенімізді жасаймыз деді.
«Мен әрдайым біз үздік екенімізді айтамын. Басқаша болуы мүмкін емес. Сондықтан да алдағы ойында жиналып, бар шеберлігімізді ортаға салу керек. Оны халық күтіп, сұрап отыр»,-деді «Qyzyljar» FC директоры Григорий Лория.
2015 жылы клуб жанынан футбол орталығы ашылып, оған облыстың жасөспірімдер спорт мектебінен іріктеуден өткен 300 спортшы тартылған. Мұндай оқушыларға жаттығу үшін қолайлы жағдай жасалған. Өткен жылы «Жастар» стадионында 117 миллион теңгеге жаңа жасанды төсеніш төселді. Қазір алаң республикалық жарыстарды өткізудің барлық стандарттарына сәйкес келеді.
Өңірде футболға барлық жағдай жасалған. «Жастар» стадионында жасалған жұмыстармен қатар, 1,2 млрд теңгеге «Қарасай» стадионын қайта жөндеу жұмыстары басталды. Онда мердігер жылытылатын жасанды төсеніш, жарықтандыру, электронды табло, дыбыс аппаратурасы мен жасыл алаңды автоматты түрде суаратын құрылғы орнатпақ.
Тағы оқыңыз: Петропавлда жалпықалалық сенбілік өтті