СҚО тұрғыны Александр Рожков оннан астам құстың түрін өсіреді. Қызылжар ауданы Архангельское елді мекенінде тұратын ер адамның қорасында тауыс, қырғауыл мен көгершіндердің түр-түрін көруге болады, деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі.

Александр Рожков 12 жыл бұрын физика пәнінің мұғалімі кәсібін сүйікті ісіне айырбастаған. Солтүстікқазақстандық қанаттылардың қыр-сырын бес саусақтай біледі. Күтімі келіскендіктен Отаны Африка мен Оңтүстік Азия елдері саналатын тауыстар Қызылжардың қытымыр табиғатына тез үйреніскен. Тіпті жұмыртқа салып, ұя басады. Бүгіндері Александрдың коллекциясында қырғауылдың бірнеше түрі бар. Ең арзанын 10, ең қымбатын 250 мың теңгеге сатып алған. Сауданы көбіне интернет арқылы жасайтынын айтады. Ал құстарға арналған торларды өзі істейді.  

«Коллекциямдағы ерекше құстардың бірі – құлақты көк қырғауыл. Ол басқа құс сияқты агрессия танытпайды. Жеміс, көкөніс қалдықтарын жақсы көреді. Қыста тоңбайды. Құстарды өсіру үшін көп білім керек. Үнемі түрлі әдебиеттер оқимын. Бұл менің сүйікті ісім. Әрі күні бойы қозғаласың. Денсаулыққа да өте пайдалы», — дейді коллекционер Александр Рожков.

Құс өсірушінің коллекциясында сары немесе алтын түсті қырғауыл да бар. Сымбаты келіскен әдемі құс — Александрдың мақтанышы. Негізінен Қытайдың орталығы мен батысын мекендейді. Жұмыртқасының пішіні тауықтыкіне ұқсас, 12-16 жұмыртқаға дейін табады, бірақ алып отырса, 30-ға дейін жұмыртқалайды екен. Етін жеуге болғанымен, көпшілік оны әдемілігі үшін асырайды екен.

«Мына құс – кәдімгі қырғауыл, әдетте қырғауыл фермасын ашқанда осы түрінен бастайды. Бұл асырауға ыңғайлы, әрі бағасы да қолжетімді. Аңшылық қырғауыл деп те атайды, оны мойнындағы сақинасына қарап ажыратады. Бір қорада әтешімен 4-5 тауығын ұстаймыз. Қырғауыл сәуір айының ортасынан бастап, тамыз айының соңына дейін жұмыртқалайды. Осылайша, әрқайсысы бір жазда 50-60 жұмыртқа береді. Бірақ олар балапанды өздері басып шығармайды, қолда ұстағаннан бұл қасиетінен айрылған. Сондықтан жұмыртқаны инкубаторға саламыз. 24 күнде балапан шығады», — дейді Александр Рожков.

Мұнымен қоса, Александр Викторович жазда бау-бақша егіп, ара өсіреді. Болашақта ауласындағы құстардың түрлерін арттыра түспек.

Please follow and like us:
Subscribe
Notify of
guest
0 комментариев
Oldest
Newest Most Voted
Inline Feedbacks
View all comments
0
Would love your thoughts, please comment.x
()
x