Облыс орталығының тұрғыны Ниязбек Есқақов Петропавл тұрғындарын сайлау учаскесіне дейін тегін жеткізуде, деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі.
Ниязбек Есқақов байланыс қызметі орталығында менеджер болып еңбек етеді. Ол сайлау күні қала тұрғындарын сайлау учаскесіне дейін тегін жеткізіп, такси қызметін көрсетуді жөн көрген. Таңғы 7:00-ден жүргізуші 10-15 адамды діттеген жеріне дейін жеткізді.
«Дала еріп, саз болып жатыр. Сол себепті бұл күні жерлестерім сайлау учаскелеріне жетуге қиналады деген ой келді. Оның үстіне алдымызда қасиетті Рамазан айы да келе жатыр. Осылайша, халыққа тегін такси қызметін ұсынуға бел будым. Маған ешкім хабарласпайды. Бар болғаны адам көп жиналатын жерге барып тұрамын. Көлігімнің сыртына арнайы жазу да жаздырттым. Оны көргендер қасыма келіп, белгілі мекен жайға жеткізіп салуымды сұрайды», -дейді Ниязбек Есқақов.
Тегін такси қызметін пайдаланғандардың бірі — Петропавл тұрғыны Зухра Атажанова. Зейнеткер осындай маңызды күнде дауыс беру үшін үйінен шыққан. Осылайша, көшеде Нияздың көлігін байқап, қасына барған. Онымен тілдесіп, өзін сайлау учаскесіне дейін жеткізуін сұраған.
«Далаға шығып едім күннің суық екенін сездім. Көше бойында келе жатып қызыл көлік көзіме оттай басылды. Оның сыртында «Тегін такси қызметі» деген жазуы да бар екен. Алғашында сенбей қалдым. Бірақ учаскеме жеткесін жүргізуші жігіт төлеудің қажеті жоқ екенін айтты. Қуанышымда шек болмады. Осындай жастар елімізде көп болса екен деп тілеймін», — дейді зейнеткер Зухра Атажанова.
Жалпы бұл күні қалада қоғамдық көліктерде тегін қызмет көрсетуде.
Посмотреть эту публикацию в Instagram