С.Мұқанов атындағы облыстық кітапханада еңбек адамдары құрметке бөленді. Бүгінгі шараның басты кейіпкерлері – саналы ғұмырын білім, медицина сынды маңызды салаларға арнап, өңіріміздің дамуына үлес қосқан нәзікжандылар. Олардың өмір жолы жастарға үлгі, деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі.
Қалалық ардагерлер кеңесі ұйымдастырған шараның жастар үшін тәрбиелік мәні зор. Мұны жиынға қатысқан аға буын өкілдері мәлімдеп отыр.
«Адамның қадір-қасиеті, халық арасында беделге ие болуы тек еңбекке байланысты. Біз бүгінгі шараға көз алдымызда жүрген замандастарымызды — 4 солтүстікқазақстандық нәзікжандыны шақырып отырмыз. Себебі, әйелдің, ананың қоғам арасында қашан да орны ерекше. Олар тек ошақтың түтінін түтетіп қана қоймай, өлкеміздің, қоғам өмірінің дамуына үлестерін қосып жүр», — дейді қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жангелді Тәжин.
Кештің қадірлі қонағы — Сара Тасеменова. Ол 11 жыл бойы балаларға орыс және неміс тілі пәндерінен сабақ берген. Одан кейінгі уақыттарда қалалық, облыстық әкімдіктерде еңбек етті. Нәзікжанды зейнетке шыққаннан кейін де қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы болып сайланған. Осы күнге дейін 76 жастағы азамат қоғам өміріне араласып келеді.
«Еңбек тәжірибем барысында өмірімде қаншама кәсіби мамандарды кездестірдім. Сол кісілерден көп дүние үйрендім. Бұған өте қуаныштымын, әр танысқан адамдарыммен мақтанамын. Осы ретте келер ұрпаққа өз ақыл-кеңесімді айтқым келеді: ештеңеден тайсалмау керек. Өз ісіңе адал болып, шындықты ғана айтқан дұрыс», — дейді Сара Тасеменова.
Ұлағатты жанға мемлекеттік қызметкерлер кәсіподағы атынан марапат табысталды және 2 адамға демалыс аймағына жолдама сыйланды. Қалған 3 әйелге де тура осындай құрмет көрсетілді.
Тағы оқыңыз: Ертең теледидар мен радио жұмысын тоқтатады