Өңірден Парламентке сайланған депутат Әсем Рахметова жұмыс аптасын су басу қаупі бар ауылдарды аралаудан бастаған. Ол облысқа келіп тасқынға дайындықты бақылап, пысықтады, деп жазады Qazaqstan Media тілшісі.
Халық қалаулысы жұмыс сапары туралы өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында бөлісті. Ол су астында қалу қаупі бар Қызылжар ауданындағы Прибрежное ауылындағы жағдайды бағамдап, бөгетті көтерді. Мұнда Ұлттық ұлан академиясының курсанттары инерттік материал даярлап жатыр екен.
«Жергілікті депутаттар қосымша тамақ ұйымдастырыпты. Үйлерінен жырақта жүрген жас жігіттер тұтас ауылдарды қызыл судан сақтауға барын салып жатыр. Алда-жалда үлкен су келе қалса эвакуациялық пункттер даяр болуы керек. Ауылдағы пунктте бірнеше рет оқу- жаттығу өткізілген. Сырт көзге бәрі даяр», — деп жазба қалдырған Әсем Рахметова.
Сенат депутаты аудандық әкімдіктегілер, жауапты мамандардың барлығы да бір адамдай бірігіп, ауылдарды судан қорғаудың амалдарын жасап жатыр, дейді.
Қазір аудан орталығы Бескөл ауылының шетінде ойдағы көшелерде бірнеше жерде су сорғыштар үздіксіз жұмыс істеп жатыр. Бәйтерек ауылында да осындай жағдай, бөгеттер биіктетілген, су жырақамен ауыл шетіне қарай ағып жатыр. Мамандар тәулік бойы жұмыс істеуде.
Тағы оқыңыз: СҚО-да урологиялық аурулармен кішкентай балалар да ауыра бастаған