СҚО әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов солтүстікқазақстандық атақты велошабандоз, Олимпиада чемпионы, «Astana Qazaqstan Team» командасының бас менеджері Александр Винокуровпен кездесті. Жерлесіміз Қазақстанда велоспорттың дамуы мен танымал болуына зор үлес қосып жүр, деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі облыс әкімінің телеграм каналына сілтеме жасап.
Бүгіндері чемпионның ұлдары Алекс пен Николя Винокуровтар да әке жолын таңдап, веложарыстарда облысымыздың намысын қорғап жүр. Николя Винокуров 23 жасқа дейінгі топтық жарыста Қазақстанның екі дүркін чемпионы және жастар арасындағы Азия чемпионатының қола жүлдегері.
Солтүстікқазақстандық велошабандоздардан құралған «Vino SKO Team» континенттік командасы республикалық және халықаралық веложарыстарға қатысып жүр.
«Тағы бір атақты велоспортшымыз Алексей Луценко биыл жазда Парижде өтетін Олимпиадада бақ сынамақ. Алексейге Александр Винокуровтың ерлігін қайталап, Олимпиада чемпионы болуын тілейміз!», — деп жазды өңір басшысы әлеуметтік желіде.
Тағы оқыңыз: Жауап алудан кейін өз-өзіне қол жұмсаған: Антикор СҚО-дағы оқиғаға қатысты пікір білдірді