Қызылорда қаласында өткен Ұлттық құрылтайдың V отырысында Қазақстанның болашағына қатысты маңызды басымдықтар талқыланды. Бұл алаң мемлекет пен қоғам арасындағы нақты шешімдер қабылданатын тиімді диалог алаңы ретінде қалыптасты, дейді QM сайтына пікірін білдірген Қозыбаев университетінің ректоры Ербол Исақаев.
Алдыңғы сессияларда көтерілген көптеген ұсыныстар заңнамалық және практикалық деңгейде жүзеге асырылып, қоғамның мемлекеттік саясатқа деген сенімін арттырды. Құрылтай барысында экономика, аймақтық даму, ішкі және сыртқы саясат, әлеуметтік сала, тарихи жады мен ұлттық бірегейлікті сақтау мәселелері қамтылды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев білім мен ғылымның стратегиялық маңызын атап өтіп, цифрландыру мен жасанды интеллектке бейімделудің қажеттігін айтты. Осы бағытта Ғылым және жоғары білім министрлігінің үйлестіруімен AI-Sana бастамасы жүзеге асырылып, студенттердің цифрлық құзыреттіліктерін дамытуға басымдық берілуде.
Бұл бастамалар Қозыбаев университетінде де нақты іске асуда. Мұнда жасанды интеллект орталығы ашылып, Tomorrow school сандық зертханасы іске қосылуда. Университет ауыл шаруашылығы саласын цифрландыруға ерекше мән беріп, агроөнеркәсіп кешенінің тиімділігін арттыруға бағытталған жобаларды жүзеге асырып келеді.
Қозыбаев университетінің Басқарма төрағасы – ректоры Ербол Исақаевтың айтуынша, Ұлттық құрылтайда көтерілген бастамалар жоғары оқу орындары үшін нақты бағдар болып отыр.
«Біздің университет үшін цифрлық трансформация – бұл нақты білім беру бағдарламалары, қолданбалы зерттеулер және өндірістік сектормен тығыз серіктестік. Біз ауыл шаруашылығын цифрландыруға ерекше назар аударамыз. Жасанды интеллект пен деректерді талдау агроөнеркәсіп кешенінің өнімділігі мен бәсекеге қабілеттілігін арттыруға мүмкіндік береді», – деді Ербол Исақаев.
Тағы оқыңыз: СҚО-да республикалық маңызы бар автожолдардың қысқы жағдайы тексерілді
Сурет ЖИ арқылы жасалды

