Жамбыл ауданында «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы аясында облыстық семинар өтті. «Ұлттық құндылықтар мен рухани тәрбие: білім беру жүйесінде жаңа бағыттар» деп аталған жиынға 40-қа жуық ұстаз қатысып, өз тәжірибелерімен бөлісті, деп жазады Qazaqstan Media тілшісі.
18 наурызда Жамбыл ауданының Пресновка ауылындағы Қожаберген жырау атындағы жалпы орта білім беретін мектепте өңір ұстаздары бас қосты. Олар «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы аясында атқарылып жатқан жұмыстарды саралап, тәжірибе алмасты.
Шараға келген ұстаздар қауымын Жамбыл ауданы әкімінің атынан орынбасары Нұрбек Сапаров құттықтап, жиналғандарды келе жатқан Наурыз мейрамымен құттықтады.
«14 наурыз күні Бурабайда өткен Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Біртұтас тәрбие» бағдарламасына ерекше көңіл бөлді. Бағдарламаны қабылдау – істің басы ғана. Енді жаңарған құжатты еліміздегі барлық мемлекеттік білім ордаларына енгізу керек. Кейін бұл жобаны жекеменшік мектептер де басшылыққа алуы тиіс – деген болатын. Біздің білім беру жүйемізде бала тәрбиесінің маңыздылығы күннен-күнге артып келеді. Тәрбие жұмысы балаларды түгел қамтуы қажет, сонда ғана бұл бастама ұлттық деңгейде өзінің тиімділігін көрсетеді. Осы семинардың нәтижесінде ортаға салынған пікірлер мен ұсыныстар біздің ауданымыздың білім беру жүйесін одан әрі жетілдіріп, осы міндеттерді жүзеге асыруға ықпал ететініне сенімдімін. Сіздерді келіп жеткен Наурыз мерекесімен шын жүректен құттықтаймын», — деді аудан әкімінің құттықтауын жеткізген Нұрбек Сапаров.
Кейін ол аудан әкімінің атынан Қожаберген жырау атындағы жалпы орта білім беретін мектеп пен И. Шухова атындағы Пресновка орта мектеп- гимназиясына интерактивті панель сыйға тартты. Бұл панельдер оқушылардың сыни ойлауы қабілеті мен қарым-қатынас дағдыларын дамытуға септесетін болады.
Облыстық семинар үш секциядан тұрды. Яғни, жоғары, бастауыш сынып және мектепке дейінгі білім беру бағыты бойынша бөлінген семинар қатысушылары өз ойларын ортаға салды. Солардың бірі — Жамбыл ауданы білім бөлімінің әдіскері Жанар Сыздықова. Ол «Біртұтас тәрбие бағдарламасының мектеп өмірінде жүзеге асырылуы» тақырыбында баяндама жасады.
«Өскелең ұрпақты тәрбиелеу – мемлекеттің маңызды міндеттерінің бірі. Себебі, ұлтымыздың болашағы біздің тәрбиелеп, оқытып отырған балалар. Олардың бойына ұлттық құндылықтарымызды енгізу – ата-ана, отбасы, мектептің міндеті. Тәрбие мен оқыту өзара байланысты, бір-бірінен бөліп алуға болмайтын біртұтас процесс. «Біртұтас тәрбие бағдарламасының» мақсаты – ұлттық, адами құндылықтарды бойына сіңірген, әлемдік озық білімді игерген саналы азаматты тәрбиелеу. Оқушы тәрбиені тек отбасынан, үйден ғана алмайды, сонымен қатар қоршаған ортасынан, достарымен араласудан, мектепте өтетін іс-шаралардан, ұстаздарынан да алады. Баланың жарты күні мектепте өтетіндіктен, бала тәрбиесінде мектептің атқаратын рөлі де орасан деп айтуға болады. Осы бағдарламаны негізге ала отырып, әр мектепте түрлі іс-шаралар атқарылуда», — дейді Жанар Сыздықова.
Шара аясында облыс орталығы мен аудандардан келген ұстаздар үшін шеберлік сағаттары да ұйымдастырылды. Олар Қожаберген жырау атындағы жалпы орта білім беретін мектеп, И. Шухова атындағы Пресновка орта мектеп- гимназиясы мен «Айнагүл» балабақшасында өтті.
Тағы оқыңыз: Сергеев су қоймасындағы су деңгейі тағы 5 см-ге көтерілді