Шілденің алғашқы жексенбісі — Ұлттық домбыра күні. Айтулы датаға орай Петропавлда ерекше іс-шара өтті, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
«Алаш» өнер орталығының кішкентай ұл-қыздары қала жастарының алдында өз өнерлерін көрсетті. Бас қосу ұлттық сана мен төл өнерді жаңғыртуға бағытталған.

«Орталықта 100-ге жуық бала білім алады. Барлығы шеттерінен өнерлі. Бүгін арасынан іріктеп 14 жеткіншекті әкелдім. Домбыра біреу үшін — қуаныш, енді біріне — жұбаныш, мен үшін — жан серігім», -деді «Алаш» өнер орталығының жетекшісі Мөлдір Тілейханқызы.
Айта кетейік, шара ашық аспан астында, табиғат аясында өту керек болатын. Толассыз жауған жаңбыр кедергісін келтірді. Бірақ, ұйымдастырушылар тез арада шешімін тауып Ғ.Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер кітапханасында өткізуді жөн көрген. Қазақтың рухты әндері шырқалды. Домбырадан шыққан әр әуен, әр үн тыңдарманның жүрегінен орын тапты.

«Сегіз айдан бері домбыра тартамын. Осы уақыт ішінде 13 күн үйрендім. Болашақта Дина апамыз сияқты болғым келеді», — деді өнер орталығының тәрбиеленушісі Айша Жұмағазы.
Тағы оқыңыз: Сенат және Мәжіліс депутаттары 280 орындық балабақшаның құрылысын бақылады