«Құлагер» хоккей клубының басы тағы да дауға қалды. Басшысы Сергей Филь ойыншылардан алдап ақша алып, қашып кеткен, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Айыпталушы өткен аптаның соңынан бері жұмыс орнында көрінбеген. Ол команданың ресейлік ойыншыларынан «Қазақстан азаматтығын алып беремін» деп алдап ақша алып, үшті-күйлі жоқ болып кеткен.
Бейресми деректерге сүйенсек, үш ресейлік легионер Фильге 500 мыңнан 1 млн теңгеге дейін ақша берген. Айыпталушы бұрында істі болыпты. 2017 жылы ресейлік БАҚ өкілдері оның алаяқтық, ұрлық және денсаулыққа ауыр зиян келтіру күдігімен іздеуде болғанын жазған.
Айлакер пәтерлерді бөтен адамдардың атына жалдап, тұрмыстық техника мен жиһазды алып кетіп, ізін суытқан екен. Бірнеше жылдан кейін оның Петропавлда, оның үстіне мұндай лауазымда жүргені үлкен сұрақ тудырады.
Бүгін қоғамның қызу талқысына түскен оқиға жайлы «Құлагер» ХК басшылығы пікір білдірді.
«Клубтың бұл оқиғаға мүлдем қатысы жоқ. Құқық қорғау органдарына мән-жайды анықтауға көмек көрсетуге дайынбыз. Сергей Филь ұжымда 2024 жылдың желтоқсанынан бері еңбек етеді. Бірақ, неге екенін білмеймін, 24-ші қыркүйектен бері үшті-күйлі жоғалып кетті. Бір айдың ішінде байланысқа шықпаса жұмыстан шығарамыз. Ол бұрында іздеуде болғаны жайлы мүлдем білмедім», — деді «Құлагер» ХК директоры Игорь Шерстов.
Айта кету керек, биыл клуб легионерлері командадан кете бастады. Алғашқысы — қорғаушы Алексей Дерзаев. Айта кетейік, ол — полицияға Фильге қатысты алаяқтық дерегі бойынша арыз жазған үш ойыншының бірі.
Полиция аталған фактіні тіркеген. Қазіргі таңда тиісті шаралар жүргізіліп жатыр.
Еске сала кетейік, жыл басында клуб ойыншылары бірнеше ай бойы жалақы алмағанын жазған едік. Бірі азық-түлікке ақша сұрап, бірі несие алғаны да жасырын емес. Жаңа басшылық келгеннен кейін командада қаржылық қана емес, кадрлық мәселелер де туындады. Өткен маусымның бел ортасында бас бапкерді ауыстырып, соның салдарынан команда турнир кестесінің төменгі жағынан бір-ақ шықты.
Тағы оқыңыз: Шал ақын ауданында Ұстаздар күніне арналған мерекелік концерт өтті