Петропавлда су тасқыны кезінде «Қызылжар су» ЖШС сорғы станциясын да су басқан. Қазіргі күні стратегиялық маңызды нысанды қалпына келтіру жұмыстары басталған, деп жазады Qazaqstan Media тілшісі.
«Қызылжар Су» ЖШС-ның екінші деңгейдегі сорғы станциясын қалпына келтіру жұмыстары мамырдың 2-сі күні басталған. Іске 15 адам мен 4 техника жұмылдырылған. Мамандар судың беті қайтқанда қосымша бригадаларды тартуды жоспарлап отыр.
«Қазір ол жерде су сору жұмыстары жүргізіліп жатыр. Тағы қажетті құрал-жабдықтар жеткізілуде. Серіктестік қызметкерлері сорғы станциясының жұмысын жандандыру үшін қолдан келген барлық шараларды жасап жатыр. Әзірге, ол жерде су тұр», — деп хабарлады «Қызылжар су» ЖШС баспасөз қызметі.
Еске сала кетейік, тасқын су Петропавлға жеткенде «Қызылжар су» ЖШС сорғы станциясында су басқан болатын. Содан петропавлдықтар бірнеше күн сусыз отырған еді. Тіпті, тұрғындар дүкендерден су таппай, дүрбелеңге салынған. Кейін арнайы көліктермен барлық мекемелер мен тұрғын үйлерге су жеткізіліп отырды. Ал осы оқиғаға дейін әлеуметтік желілерде қала тұрғындары ауыз сусыз қалуы мүмкін деген ақпарат тарағанда кәсіпорындағылар шаһар тұрғындарын жалған хабарламаларға сенбеуге шақырған еді.
Тағы оқыңыз: СҚО-да бір айда 80-нен астам адамды кене шаққан