Қызылжар ауданында алғаш рет аудан әкімінің тікелей сайлауы өтті. Ауданға басшы болуға үш үміткердің ішінен 11771 дауыс жинап, Бейбіт Исманов жеңіп шықты, деп жазады Qazaqstan Media.
10-шы тамыз күні Қызылжар ауданында әкім сайлауы өтті. Дауыс беруге 31 661 адам құқылы болса, өз таңдауын жасауға тек 17 815 адам қатысқан.
Жалпы ауданға әкім болуға үш кандидат ұсынылды. Олар: осыған дейін Қызылжар ауданы әкімінің орынбасары болып тағайындалған Бейбіт Исманов, облыстық ішкі саясат басқармасы басшысы Асқар Хабибулин және Мамлют ауданы әкімінің орынбасары Санат Әубәкіров.
Аудан әкімі сайлауының нәтижесі белгілі болды. Санат Әубәкіров 2 549 дауыс жинаса, Асқар Хабибулин үшін 1 671 адам дауыс берген. Ең көп дауысты Бейбіт Исманов жинапты- 11 771 дауыс. 1310 тұрғын «бәріне қарсымын» деп дауыс берген.
Осылайша, сайлау нәтижесі бойынша Бейбіт Исманов Қызылжар ауданы әкімі болып сайланды.