Солтүстік Қазақстан облысының Қызылжар ауданында бір тәулік ішінде адам өліміне әкелген екі бірдей өрт тіркелді, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
19 қаңтарға қараған түні Приишимка ауылында алдын ала мәлімет бойынша газ баллоны жарылған. Қайғылы оқиға салдарынан 1973 жылы туған ер адам оқиға орнында көз жұмды.
Ал 18 қаңтар күні кешкісін Ольшанка ауылында өрт шықты. Тілсіз жауды сөндіру барысында құтқарушылар 2020 жылы туған баланың мәйітін тапты. Бейресми мәліметтерге сәйкес, өрт кезінде баланың ата-анасы үйде болмаған.
Қазіргі уақытта екі өрттің де шығу себептері анықталуда. Qazaqstan Media редакциясы Солтүстік Қазақстан облысы Төтенше жағдайлар департаментінен ресми түсініктеме күтуде.
Айта кетейік, бір апта бұрын Мағжан Жұмабаев ауданында болған өрт салдарынан ер адам мен оның екі баласы қаза тапқан еді.
Тағы оқыңыз: Петропавлда «Закладчики. Мать» атты деректі фильмнің көрсетілімі өтті

