Қозыбаев университетінің жаңа жатақханасына екі күннің ішінде 500-ден астам студент орналасты
Қозыбаев университетінде студенттер жаңа жатақханаға орналасуда. Сәулетті қос нысан 1200 орынға шақталған, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Студенттік өмір — студентік үйдегі қызықтармен есте қалады. Бұл — оқу орнына түсіп, үлкен өмірге қадам басқан ұл-қыздардың ендігі тұрағы. Қазір Қозыбаев университетінде жалынды жастар жаңа жатақханаға орналасуда. Қабылдау 25-ші тамызда басталған.
Қозыбаев университетінің жаңа жатақханасына екі күннің ішінде 500-ден астам студент орналасты
«Жатақханаларымыз 2700-ден астам студентті қабылдай алады. Екі күннің ішінде 500-ге жуық адам орналасты.1-2 курс студенттері 25 тамыз бен 1 қыркүйек аралығында қабылданады»,- Қозыбаев университетінің басқарма мүшесі Әділхан Төлепберген.
Жаңа жатақхананың жылдық бағасы — 250 мың теңге. Мұнда тек 1-2 курс студенттері орналаса алады. Жоғары курстар 3-ші жатақхана мен 10-шы корпустағы жатақханаға жайғасады.
Студенттер үйіне қабылдау онлайн түрде жүргізілді. Ұл-қыздар бөлмені үйде отырып-ақ таңдады. Шым қаладан Петропавлға арман қуып келген Аружан Қыдырбай жаңа жатақхана жаңа мүмкіндіктерге жол ашатынына сенімді.
«Жатақханада студенттерге бар жағдай жасалған. Коворкинг аймағы мен тренажерлық зал бар. Маған қатты ұнады»,- деді студент.
Айта кету қажет, алдағы уақытта университеттің 1-2 жатақханалары жөндеу көреді.